Фото: Астана телеарнасы
Ақтөбеде халық емшісі Сұлушаш Қазбаева ірі көлемде алаяқтық жасады деген айыппен кінәлі деп танылды. Алайда оның жазасын өтеу мерзімі екі жылға кейінге шегерілді, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Сот үкіміне сәйкес, Қазбаева Қазақстан Қылмыстық кодексінің 190-бабының 4-бөлігі 2-тармағы бойынша («ірі көлемдегі алаяқтық») 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды.
Алайда сот оның кәмелетке толмаған 12 жасар баласы барын ескеріп, жазаны өтеуді 2 жылға кейінге қалдырды. Осыған байланысты ол сот залынан босатылды.
“Қазбаеваға 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Бірақ жазаны өтеу мерзімі екі жылға кейінге қалдырылды. Сот үкімі заңды күшіне енгенше бұлтартпау шарасы ешқайда кетпеу қолхатына өзгертілді”, — деді судья.
Іс материалдарына сүйенсек, 51 жастағы емші бірнеше жыл бойы азаматтардың сеніміне кіріп, несие рәсімдету арқылы 579 млн теңге көлемінде қаржы жымқырған. Ол несиелердің ай сайынғы төлемдерін басқа жәбірленушілерге несие алдыртып жауып отырған.
136 жәбірленуші бар. Олардың көпшілігі сот шешімімен келіспей отыр.
“Банкке мені өзі ертіп барды. 5 миллион теңге несиені өзім қалай жабам? Сұлушашта бала бар, бірақ менде де бала бар”, — дейді жәбірленуші Марал Жаманбаева.
Ал сотталушы тарап үкімге риза екенін айтып, апелляция түсірмейтінін мәлімдеді.
“Кішкентай қызы ауырғандықтан сот осындай шешім шығарды деп ойлаймыз. Ол халық алдындағы қарызын өтейді”, — деді қорғаушысы.
Прокуратура үкімге шағым түсіру мәселесін кейін қарамақ.