Алматы облысында қазақтың ұлттық болмысын тағыда бір бекітіп, рухани байлығын айқындап, салт-дәстүрін сабақтауға арналған «Қымызмұрындық» фестивалі өтті. Қарқара жайлауын дүбірлі додаға бөлеген ат бәгесіне қырғыздар да қатысып, тау асып жеткен көрші елдің шабандоздары бірінші және екінші орындарды алып кетті, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігнің тілшісі.
Жайлауға жиналған 10 мың адамның айқайымен атойлаған ат бәйгесіне бас-аяғы 150-ге жуық жүйрік жіберілді. Жал-құйрығын күзеген, жарысқа арнайы бапталған пыраққа мінген шабандоз балалар үш сағат халықтың делебесін қоздырып, шын жүйріктер мен сұлулығына көз тоймас сәйгүліктерді көптің сынынан өткізді.
«Бұл жерде «Жолан жүрігі» сайгүліктер сайысынан басқа алыптар айқасы ұйымдастырылған. Жолан пандемия кезінде қайтыс болып кетті. Ол осы өңірде әкім болған, жылқыға жақын, түрлі сәйгүліктерді ұстаған адам еді. Көп еңбек етті, кейін осы өңірден Талғарға ауысып барды. Ол жақта да елге жақсы жұмыс істеп кетті. Өкінішке орай пандемия кезінде қайтыс болды. Жолан мұрқұмның жолдастары, таныстары бәйгенің ұйымдастырылуына үлес қосып келеді. «Жолан жүйрігі» ат бәйгесін, өзгеде ұлттық спорт түрлерін ұйымдастыру, осының бәрі облыстық спорт басқармасының, спорт федерациясының жұмыс жасауы деуге болады. Сәйгүліктер сайысына екі автокөлік, қомақты қаржылай сыйлақтар тағайындалған. Жүлделердің барлығы демеушілердің көмегі арқылы беріледі», — деді Алматы облысы Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев.
«Жолан жүйрігі» Республикалық ат бәйгесі тойдың көркін түстен кейін қыздырды. Қарқара жайлауында «Қымызмұрындық» осымен екінші жыл қатарынан өткізілді. «Жолан жүйрігі» ат бәйгесіне дейін ұлттық рухты көтеріп, дәстүрді дәріптеген өзгеде ұлттық спорт түрлерінен сан түрлі сайыстар өтті.
Шараға 10 мыңнан астам көрермен жиналып, қазақ халқының байырғы салт-дәстүрі мен ұлттық спорт түрлерінің мерекесіне куә болды. Бәйгеге 2 крассовер көлігі мен 10,5 млн теңге сыйақы тағайындалған.
Қазақтарды қапы қалдырған құнан бәйге
9 шақырымдық құнан бәгеде қазақтардың сәйгүліктері бас жүлдеге жете алмады. Күмбеге Ыстықкөлден келген атбегі Сталбек Жаманкуловтың құнаны бірінші жетті. Қырғызстандық шабандоз Арсен Болотбеков «Роки» аты сәйгүлігімен бас жүлдені жеңіп алды. Көрші елден келіп, бәгені бермей кеткен Арсенге 2 миллион теңге сыйлық табысталды.
Екінші орынды Алматы қаласының атынан қосылған «Айбатыр» атты атымен шапқан Айбатыр Сейітботқалиев иеленсе, үшінші орын Жамбыл облысына бұйырды.
Аламан бәйгенің бас жүлдесіне – кроссовер
31 шақырымдық Аламан бәйгенің бас жүлдесін «Айбалта» атты жүйрік жеңіп алды. Қордайлық атбегі Айдар Нұрмұхаметовке «Changan» кроссоверінің кілті табысталды. Аламан бәйгеде екінші орын тағыда Қырғызстаннан келген сәйгүлікке бұйырды. Манастың елінен келген «Қарагер» жүйріктің иесі Токтосартов Шаабиденге 2,5 млн теңге табысталды.
Үшінші орынды «Отырар» атты тұлпар жеңіп алды. Бәйгеге шапқан балқаштық Арыстанбек Аңсарға 1 миллион теңге бұйырды.
Топ бәйгенің бас жүлдесі – кроссовер
18 шақырымдық Топ бәгеге отыздан астам ат қатысты. Шеңберді айнала шапқан сәйгүліктер Қарақа төрін жарты сағаттай қиқулатты. Той бәйгеге тігілген темір тұлпар Талғар ауданының кәсіпкер-атбегісі Мағауия Қазбековке бұйырды. «Қалқаман» айтты керімен зулай шапқан Нұрислам атты шабандоз иесіне ақ түсті Changan кроссоверін ұтып берді.
Екінші орын Алматы облысынан келген Ғарипуллин Мерейге (Мамайқара) бұйырды. Тұрар ауылынан шыққан тұлпар өзін баптаған иесіне 1 миллион теңге ұтып берді. Ал үшінші орын (700 мың теңге) жергілікті Қайнар ауылының азаматы Молдатайұлы Азаматқа берілді.