Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің төрағасы Камчыбек Ташиев қарамағындағы қызметкерлерін қызына жүргізуші куәлігін алуға көмектескені үшін жазалады, деп хабарлайды Todayinfo агенттігі Вечерний Бишкек басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл ақпарат күрделі сыбайлас жемқорлық схемасының жолын кесу аясында анықталған.
“Көлік құралдары мен жүргізушілерді тіркеу жөніндегі мемлекеттік агенттіктегі күрделі сыбайлас жемқорлық схемасының жолын кесу аясында Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті төрағасының қызына жан-жақты көмек көрсеткен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жекелеген қызметкерлері анықталды”, – делінген хабарламада.
Әр түрлі дәрежедегі жеті бөлім қызметкері жазаланды. Оның екеуі сөгіс, үшеуі қатаң сөгіс алды. Тағы екеуі қызметтік талаптарын толық орындамағаны үшін ескерту алды.
“Бұл шаралар Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің төрағасы Камчыбек Ташиевтің жеке тапсырмасына сәйкес қабылданды. Ол жуырда өзінің халық алдында сөйлеген сөзінде құқық бұзушылыққа жол берілмейтінін хабарлаған еді. Сондай-ақ ол ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлерін мемлекеттік қызметте жүргенде туыстары мен таныстарының ықпалына түспеуге шақырды”, – делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың жиені Лаззат Нұрқожаеваға сүйіктісі 24 маусымда Оруу-Сай шатқалында ұсыныс жасаған еді. Бойжеткен ол жаққа ер адаммен бірге Қырғызстан төтенше жағдайлар министрлігінің тікұшағымен барған. Бұл оқиға тұрғындар арасында наразылық тудырып, әлеуметтік желі қолданушылары президенттің туыстарының әрекетін қатаң сынға алған.
Кейіннен Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың жиені Лаззат Нұрқожаеваның күйеу жігіті ұсталған еді.