Фото: akipress
Қырғызстанда энергия тапшылығы күшейіп барады. Ел электр қуатының шамамен 90 пайызын су электр станцияларынан алады, алайда соңғы жылдары су деңгейінің тарихи минимумға түсуі жағдайды қиындатып жіберді. 2023–2025 жылдары Тоқтоғұл және өзге де су қоймаларында су көлемі күрт азайды, Талас пен Нарын өзендерінің ағысы төмендеді. Соның салдарынан өндірілетін электр қуаты едәуір қысқарды, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Халық санының артуы, жаңа тұрғын үйлердің көптеп салынуы, сондай-ақ жылуды электрге ауыстыру үрдісі тұтынуды айтарлықтай өсірді. Сарапшылардың дерегінше, 2020–2025 жылдар аралығында ішкі сұраныс кем дегенде 20–25 пайызға көбейген.
Бұған қоса, 2024–2025 жылдары елде заңды және жасырын майнинг-фермалар көбейіп, электр желісіне қосымша салмақ түсірді. Үкімет бірнеше нысанды жабуға бұйрық бергенімен, көлеңкелі майнинг әлі де жалғасып жатқанын жергілікті сарапшылар айтуда.
Энергетика саласындағы тозған инфрақұрылым мәселесі де алдын орағылады. Қырғызстандағы негізгі станциялар мен желілердің бір бөлігі 30–50 жыл бұрын салынған. Соның салдарынан электр желісіндегі техникалық шығын көлемі кей өңірлерде 15–20 пайызға дейін жетеді. Жабдықтар жиі істен шығып, жөндеу жұмыстары дер кезінде жүргізілмей келеді. Бұл факторлардың барлығы елдегі энергия тапшылығын тереңдетіп отыр.
Осы жағдайға байланысты билік тапшылықтың тамыры бұрынғы басшылықтан қалған жүйелі қателіктерде деп санайды. Алайда экс-президент Алмазбек Атамбаев бұл айыптауларға келіспей, қазіргі президент Садыр Жапаровты ашық сынады. Ол өз парақшасында Жапаровқа арнап жазба жариялады:
Атамбаевтың айтуынша, Жапаровтың билігіне бес жыл толса да, халыққа берген уәделердің көбі орындалмаған. Ол қазіргі дағдарысқа өзі қатысы жоқ екенін атап, энергетикадағы қиындықтарды бұрынғы президентке жабу — шындықты бұрмалау деп есептейді.
«Садыр інім, билікте отырғаныңа бес жыл болды. Алғашқы жылдары халық сенен үлкен өзгеріс күтті. Сөз еркіндігі, әділ сайлау, адам құқықтары — бәрін уәде еттің. Соңында ел тағы да қиялдағы «Асман шаһарына» сеніп қалды.
Бірақ осы уақыт ішінде кез келген мәселені менің атыммен байланыстырып, кінәні маған артып келесің. Энергетикалық дағдарысқа да мені жауапты еткің келеді. Бұл — ақиқаттан алыс», — деп жазды ол.
Экс-президент қазіргі билік экономикалық дағдарыс, бағаның өсуі мен кедейшілікпен күресудің орнына ақындар, журналистер, белсенділер және жай пікір айтқан азаматтарды қудалауға кірісіп кеткенін айтты.
Атамбаев «уақыт бәрін орнына қоятынын», ерте ме, кеш пе, әділ сот болатынын айтып, елде демократия қайта орнайды деген сенім білдірді.

