КӨКШЕТАУ. KAZINFORM – Ақмола облысының Қоянды ауылы тұрғындары су тасқынына байланысты төтенше жағдай жариялауды талап етіп, жолды жауып тастады.
Тұрғындардың сөзінше, біраз тұрғын үй мен аулаларға су кірген. Сол себепті, жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай енгізуді талап етуде.
Әлеуметтік желіде желдей ескен видеода наразы халық қыста қар алып, көктем мен жазда лай-батпаққа батамыз деп отыр.
Осыған байланысты Ақмола облысы әкімдігінің баспасөз қызметінен түсінік берді. Мәліметке сай, наурыздың 26-ы сағат 20:40 шамасында Қоянды ауылының 50-ге жуық тұрғыны ауыл әкімдігінің жанындағы жолды жауып тастаған. Жергілікті тұрғындар су тасқынына қарсы іс-шаралар мәселелеріне назар аудару мақсатында жиналған. Наразы тұрғындармен Целиноград ауданының әкімі Б.Оспанбеков және Ақмола облыстық ТЖД бастығы К. Доспаев кездесті.
«Сағат 22:00-де барлық жолдар ашылып, тұрғындар үйлеріне тарай бастады. Қазіргі уақытта Қоянды ауылында су тасқынына қарсы күшейтілген іс-шаралар жүргізілуде. Шамамен 150 мың текше метр қар шығарылды. Сондай-ақ Қоянды ауылында 9,5 мың метр арықтар мен каналдар, 46 су өткізу құбыры тазартылды, 35 мыңнан астам текше метр еріген қар суы сорылды. Жолдарды жабу сияқты заңсыз әрекеттерге жол берілмейді. Заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілік қарастырылғанына назар аударыңыздар», — деп түсіндірді әкімдіктен.
Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Көкшетауда жертөлесін су басқан мектепке барған еді.