2024 жылдың 11 қарашасы күні Чжухай қаласының Сянчжоу ауданының Спорт орталығында бір ер адам көлігімен орталық аумағында жаттығу жасап жүрген тұрғындарды қағып, ауыр қылмыс жасады. Шабуыл салдарынан 35 адам қаза тауып, 43 адам ауыр жарақат алды. Қылмыскерге қатысты қатаң шара қолдану туралы Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин мен премьер-министр Ли Цян тапсырма берді.
Чжухай қаласының полициясы 11 қараша кешкі сағат 19:48-де күдікті азаматтың Спорт орталығына кіру пунктін бұзып, қаладағы тұрғындарға қасақана шабуыл жасағанын хабарлады. 62 жастағы күдікті Фань есімді азамат шағын жол талғамайтын көлігімен орталықтың ішіндегі жолда жүрген тұрғындарды соғып, оқиға орнынан қашпақ болған. Алайда, полиция қызметкерлері оны ұстап үлгерді. Полиция күдіктінің көліктің ішінде өзін-өзі жарақаттамақ болғанын, бірақ жедел әрекет етіп, оны тоқтатқанын мәлімдеді. Қазіргі уақытта күдікті ауыр жарақат салдарынан комада жатқандықтан, полиция тергеу жұмыстарын әлі бастай алмай отыр.
Алғашқы мәліметтерге сәйкес, бұл шабуыл күдіктінің ажырасқаннан кейінгі мүлік бөлісу нәтижесіне көңілі толмауы салдарынан болған.
Қоғамдық реакция
Оқиғаға қатысты бейнежазбалар әлеуметтік желілерде кеңінен тарады. Бір бейнематериалда спорт орталығындағы жолда жатқан ондаған адам көрсетілген. Сонымен қатар, көмек көрсету шаралары мен жараланғандарға алғашқы медициналық көмек көрсетіліп жатқан көріністер бейнеленген. Қытай материгінде бұл оқиғаға байланысты барлық бейнематериалдар бұғатталғанымен, кейбір желі қолданушылары полицияның тергеу нәтижелеріне күмән келтіріп, «Күдікті комада жатса, мұндай шешімге қалай келдіңіздер?» деген сұрақтар қойып жатыр.
Си Цзиньпин мен Ли Цянның мәлімдемелері
Оқиға болғаннан кейін Қытай төрағасы Си Цзиньпин мен премьер-министр Ли Цян қатаң шара қолдану қажеттігін баса айтты. Си Цзиньпин барлық зардап шеккендерге көмек көрсетуді, қаза тапқандардың туыстарына моральдық қолдау көрсетуді және кінәліні заң жүзінде қатаң жазалауды тапсырды. Сонымен қатар, бұл жағдайдан сабақ алып, қауіп-қатерлерді алдын ала анықтау шараларын күшейту, қайғылы оқиғалардың алдын алу, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде нұсқаулар берді.
Премьер-министр Ли Цян жараланғандарға толыққанды көмек көрсетуді, оқиғаны мұқият зерттеуді, қауіпсіздік шараларын күшейтуді және қоғам тұрақтылығын сақтау шараларын ұйымдастыруды тапсырды.
Чжухайдағы бұл шабуыл 12-17 қараша аралығында өтетін Азияның ең ірі әуе көрмесі – Чжухай әуе көрмесінің қарсаңында болды. Қауіпсіздік шаралары күшейтілді, ал Спорт орталығы уақытша жабылды.
Соңғы уақытта Қытайда осындай шабуылдар жиілеп кетті, олардың көбі кездейсоқ өтіп бара жатқан тұрғындарға қарсы бағытталған. Мысалы, 2024 жылдың 30 қыркүйегінде Шанхайдағы Walmart супермаркетінде бір ер адам бірнеше адамға пышақпен шабуыл жасап, 3 адамды өлтіріп, 15 адамды жарақаттаған. Қазан айында Бейжіңдегі мектеп жанында болған шабуылда да 5 адам жарақат алған.