«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма Төрағасы Мағзұм Мырзағалиев Қытайға жұмыс сапары барысында қытайлық Sinopec мұнай-химия корпорациясының президенті Юй Баоцаймен кездесті. Кездесуге сондай-ақ СИБУР басшылығы қатысты.
Тараптар ауқымды «Полиэтилен» жобасын іске асырудың мәртебесін, оның ішінде Sinopec корпорациясының жобаға заңды түрде кіру рәсімдерін аяқтауды талқылады. 2024 жыл жобаның дамуында шешуші рөл атқаратынын айта кету керек. Өйткені дәл осы жылы жоба бойынша түпкілікті инвестициялық шешім (FID) қабылданады деп күтілуде.
Бүгінгі таңда жоба белсенді жобалау сатысында (EBD/FEED). «Полиэтилен» жобасы Қарабатан арнайы экономикалық аймағында Теңіз кен орнына жақын орналасқан жерде қуаты жылына 1,25 млн тонна полиэтилен өндіретін зауыт салуды көздейді.