Қазақтың заңғар жазушысы, марқұм Мұхтар Мағауин әріптестерінен жас кезінде көп теперіш көрген. Оның шығармаларын әдеби газетке бергізбей, атын тізімнен сызып тастап отырған. Даңқты жазушы, алаш қаламгерлерін түгел мойындатып, түркі тарихын бес мың жылға тереңдеткен қаламгердің көрген құқайы туралы журналист Қайнар Олжай жариялады, деп хабарлайды Todayinfo.
Журналист кеше күллі қазақтың қабырғасын қайыстырған Мағауиннің қазасына орай бір үзік сыр арнаған.
«Жас едік. “Лениншіл жаста” қызмет істедік. Секретариат аталатын жері. Міндет — бөлімдер дайындап, бастықтар оқып, қол қойып берген мақалаларды харпін, кеглін белгілеп баспаханаға теруге жібереміз. Терілген, анығында қорғасын жолдар болып құйылып тұрғандарын ретімен бетке саламыз. Төрт адам кезекпен бет жүргіземіз.
Біздің бір дағдымыз болды. Бөлімдердің дайындаған мақаласын басшылар қалай оқып, түзететін қаратынбыз. Әсіресе Әдебиет пен өнер бөлімінен түскен мақалалар қызықтыратын. Оны газеттің редакторы өзі оқып, рұқсатын беретін.
Секретариатқа келген соң мақаланы баспаханаға жіберер алдында енді әуестікпен біз әр бетін қараймыз»,- деп еске алды Қайнар Олжай.
Ардагер журналист сол кездің өзінде 30-40 адамның арасынан басшылық тек Мұхтар Мағауинді сызып тастап отырған және ол үнемі қайталанып тұрғанын айтты.
«Сонда мынаны байқадық. Сын мақалаларда алдынғы қатарлы жазушылар тізіледі. Жалпы атайтын болса әлбетте М.Әуезовтен, көзі тірілері түгенделсе Ғ.Мүсірептен бастап Оралхан Бөкеев, Кәдірбек Сегізбаевтарға жетіп тоқтайды. Арасында Сайын Мұратбеков, Сәкен Жүнісов, Рамазан Тоқтаров… деп ұзын-сонар тізім кетеді. Сол тізімде міндетті түрде тұратын “Мұхтар Мағауинді” редактор сызып тастайды.
Талай рет байқадық, қазір аттары да, кітаптары да аталмайтын отыз-қырық жазушыға редактор қаламы тиіспейді де, жалғыз Мұхтар Мағауинді қырқып қалады. Осы қиянатты көзіміз көрдік. Мағауин өзі де көрді ғой. Дихан Әбілов, Әлжаппар Әбішевтер бастайтын, орта буындағы Әбіш Кекілбаев, Төлен Әбдіков, Қалихан Ысқақовтар сынды қатарластарының арасында аты аталмайтыны жанына батты ма, әлде намысын қайрады ма — ол жағы бізге жұмбақ.
Жұмбақ емесі — сол редакторымыз қанша тыраштанса да Мұхтар Мағауиннің атын қазақ әдебиетінен өшіре алмағаны», — деп жазды ардагер журналист М. Мағауинге көрсеткен әділетсіздікті.
Журналист Мұхтар Мағауинге қорлық көрсеткен, қорлаған редактордың атын жасырып қалды. Ол ұлы жазушының шығармасы туралы қалам тербеу оңай емес екенін мойындады.
«Мағауин туралы екі рет мақала бастап, екі рет тоқтап қалғанбыз. Өреміз жетпейді екен. Мойындадық. Одан да ең жақсы оқырманы болып қалғанмыз жөн дегенбіз», — деді Қайнар Олжай.