Фото: әлеуметтік желіден
Жамбыл облысында дау тоқтар емес. Бұған дейін Шу ауданында дәрігерлер шағым жасап, араша сұраса, осы жолы Қордай ауданының ветеринарлары бас көтерді, деп хабарлайды Todayinfo.
Әлеуметтік желіде бөлім басшысының қан-жоса болған фотосуреті, кейін кабинеттің видеосы тарады. Видеоден терезенің сынғанын, кабинет пен дәлізден адам қанын көруге болады.
Мал дәрігерлері не үшін бас көтерді?
Жамбыл облысының журналисті Нурадин Рақай көрсеткен бөлім басшысының кабинетіндегі видеода қан іздері шашырап жатыр. Журналист әлеуметтік желі арқылы ақпарат таратып, бөлімге қарайтын ауылдық округтердің ветеринар мамандарының жан айқайын жеткізді. Ветеринарлар мемлекет тарапынан ешқандай көмек көрсетілмейтінін, облыс, департамент басшылары ауысқалы бері түртпектеп, тиісу көбейгенін айтқан. Олар бөлім басшысы не себепті осындай қадамға барғаны жөнінде айтпады.
Отар ауылдық округінің ветеринары Жалғас Қуандық ауылдардан жиналған ветеринарлар ешқандай арнайы киім алмағанын айтады. 15 күн бұрын келген етіктері ең арзан, сапасыз, ветеринарлық қызмет қылуға жарамсыз екенін көрсеткен.
1300 теңгенің етігі
«Батпақта жүретін мамандарға ең арзан 1300 теңгенің етігін әкелген. Жалпы көліктің, техникалық базаның жағдайы мүлде жоқ. Президенттің өзі ветеринария саласына реформа жасау керек деген. Ол реформа жүрген жоқ. Шілде мен қаңтар айында «жұмыс жоқ» деп ең төменгі жалақыға отырғызды. Ал бұл мамандардың кінәсі не? Бәрінің бала-шағасы, студент балалары бар. 150-200 мың теңге айлып алып, онысы 80 мың теңгеге қысқару деген әр отбасына қиын. Көктем айларында үш ай айлық кешікті. Қарашаның да айлығы кешігіп жатыр. Біздің 80-90 пайыз жұмысымыз автокөлікпен бітеді. Тау-таста жүреміз. 2013 жылы берілген көліктер тозып кетті. 4-5 ғана жүріп тұр», — дейді ол.
Ветеринарлар сонымен бірге өздеріне вакцинаны кешіктіргенін айтады. Содан кейін вакцина келген соң жанталасып «бітіріңдер» деген бұйрық түскен. Малдан қан алу мәселесі әлі созылып жатыр.
«Қазір мал туып жатыр. Күйек жіберіп қойды, енді вакцина салыңдар дейді. Сибинканы кешіктірді. Қазір саламыз. Мал иелерімен дауласып жүрміз. Олар «мал ертең іш тастайды, сендер жауап бересіңдер ме?» деп реніштерін білдірді залдағы адамдар.
Қасық ауылдық округінен Әсет Сайлаубай кеңсе тауарлары да, етік те, халат та берілмейтінін айтып салды. Оның сөзінше, айлық кешігеді. Үш айдың айлығын бір айда беретін жағдайлар бар. Көктемде берілген сібір жарасына қарсы вакцина енді ғана беріліп жатыр. Мал иелері енді мал туып жатқан кезде екпе салғысы келмейді. Мал төлсіз қала ма деп қорқады. Ветеринарлар комиссия бірнеше рет тексеріс келгенін айтады.
«Компьютердің жартысы жұмыс істемейді. 12 жыл бұрын көлік, бәрі алынған. Жөндерлік түрі де жоқ. Кабинеттеріміз итке кіргісіз», — дейді ветеринарлар.
Полицияның хабарламасы
Облыстық полиция қазіргі уақытта ол бойынша тергеудің толықтығына, объективтілігіне және жан-жақтылығына бағытталған барлық қажетті тергеу-жедел іс-шаралар жүргізіліп жатқанын хабарлайды.
«Қылмыстық іс Қордай ауданының полиция бөлімі басшылығының бақылауында», — деп хабарлады Жамбыл облысы ПД-нің баспасөз қызметі.
Еске салайық, соңғы кездері Жамбыл облысында дау өршіп тұр. Бұған дейін Шу аудандық ауруханасының дәрігерлері облыс басшылары қысым көрсетті деп араша сұраған еді. Айтуларынша, қай мекемеге кімдердің тағайындалатынын облыстағы аппарат басшысы қолға алған. Салдарынан өңірде бітппейтін дау мен қудалаулар басталған.