Фото: BBC

Сейсенбі күні таңертең Ресей әскері Харьков қаласына әуе соққысын жасады. Бұл соққы Украина астанасы мен өзге өңірлерге бағытталған түнгі жаппай шабуылдан кейін жасалған. Нәтижесінде қаладағы жеке меншік балабақша орналасқан ғимарат қатты зақымданды. Балалар дер кезінде паналау орнына жасырынған. Бір ер адам қаза тапқаны хабарланды, деп жазады Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.

Харьков қаласының әкімі Игорь Тереховтың мәліметінше, таңертең қалада үш жарылыс болды. Холодногор ауданындағы тұрғын үйлердің бірі соққыға ұшыраған, оның ішінде жеке балабақша да бар. Сол жерде өрт шыққан.

Облыстық әскери әкімшіліктің басшысы Олег Синегубовтың айтуынша, шабуыл кезінде барлық балалар балабақша ішіндегі қарапайым паналау орнына түсірілген.

«Бүгін Харьков үлкен қайғыдан аман қалды», — деп жазды Терехов Telegram парақшасында. Оның сөзінше, үш Shahed типті дрон тікелей балабақша ғимаратына тиген.
«Соққының қаттылығынан екінші қабат толығымен қирады. Бірақ тәрбиешілер уақытында балаларды жертөледегі паналау орнына түсіріп үлгерді», — деді ол.

Құтқарушылардың дерегінше, сол сәтте жертөледе 48 бала болған. Олар кейін қауіпсіз жерге эвакуацияланды.

Олег Синегубовтың айтуынша, шабуыл салдарынан 40 жастағы ер адам — коммуналдық қызметкер қаза тапқан, тағы тоғыз адам жарақат алған.

«Біз бәріміз, әсіресе ата-аналар, сол бірнеше минутта бастан кешкен үрей мен белгісіздікті ешқашан ұмытпаймыз», — деді Харьков әкімі.

Украина президенті Владимир Зеленский бұл оқиғаға байланысты мәлімдеме жасап, Харьковтегі балабақшаға дрон соққысы түнгі жаппай шабуылдан кейін жасалғанын айтты. «Өкінішке қарай, бір адам қаза тапты. Көптеген бала күйзеліс пен қатты стресс алған», — деді ол.

Тереховтың айтуынша, оқиғаның барлық мән-жайын тергеу анықтайды. «Бірақ мен бұрын да айтқанмын — Харьковте балалардың қауіпсіздігіне кепілдік беру үшін жер астында орналасқан заманауи, сертификатталған балабақшалар салу қажет. Біз тек сәттілікке сеніп отыра алмаймыз», — деді қала басшысы.

Сәрсенбіге қараған түні Ресей Украинаға қарсы жаппай зымырандық және дрондық шабуыл жасады. Украина Қарулы күштерінің әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштері 400-ден астам дрон мен 28 түрлі зымыран қолданылғанын хабарлады.

Ресми дерек бойынша, Киевте екі адам қаза тауып, 25 адам жарақат алған, олардың бесеуі – балалар. Киев облысында тағы төрт адам, оның ішінде екі бала опат болды. Запорожье қаласында дрон шабуылынан оннан астам адам жараланды.

Ресей Қорғаныс министрлігі Харьковке жасалған соққыға қатысты түсініктеме берген жоқ.

Exit mobile version