Ресей Федерациясының Жоғарғы соты 2003 жылдан бері террористік ұйым деп танылып келген «Талибан» қозғалысына салынған тыйымды ресми түрде тоқтатты, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі.
Сот шешімі Ресей Бас прокуратурасының талап-арызына сәйкес қабылданып, дереу күшіне енді. Енді қозғалыс Ресейде террористік ұйым ретінде саналмайды.
Бұл шешім «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» заңға 2024 жылы енгізілген түзетулер негізінде мүмкін болды. Жаңа ережелер бойынша, егер ұйым Ресей мүдделеріне қарсы бағытталған террористік әрекеттер мен насихатты тоқтатса, оның мәртебесі сот шешімімен қайта қаралуы мүмкін.
«Талибан» қозғалысы Ауғанстанда билікке келгеннен кейін, Ресей тарапы бұл топпен байланыс орнатудың маңызын бірнеше рет атап өткен болатын. Кремль бұл қадамды Ауғанстандағы тұрақтылық пен аймақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз етудің бір бөлігі ретінде қарастырады.
«Талибан» өкілдері бұған дейін де Ресейде өткен халықаралық форумдарға қатысқанымен, олардың бұл әрекеті қылмыстық жауапкершілікке тартылу қаупімен шектелген еді. Енді бұл кедергі ресми түрде жойылды.
Айта кетейік, жақында Қазақстан мен Қырғызстан да «Талибанды» террористік ұйымдар тізімінен алып тастағанын ресми түрде мәлімдеген болатын. Бұл аймақтағы елдердің сыртқы саясатындағы жаңа бағыттардың бірі ретінде бағалануда.