Бұл туралы РФ Ішкі істер министрлігінің сайтында жарияланды.
Ресей бұрынғы ҰҚК басшысы Кәрім Мәсімовтің күйеу баласы болған Азамат Қапеновтің туған інісін іздестіріп жатыр, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат порталы.
Іздеудегі адамның аты-жөні – Медер Қапенов. Ол 1993 жылы Бішкекте туған. Іздеу себебі белгісіз, бірақ қылмыстық бап бойынша күдік бар екені көрсетілген.
Курсив сайтының мәліметінше, Қазақстанда Медер Қапенов «Евротранс Актив» ЖШС-ның иесі. 2020 жылы тіркелген компания жылжымайтын мүлікті жалға беру (субаренда) қызметімен айналысады. Сонымен қатар, ол 2021 жылы құрылған «ТрансКонтейнер Евразия» ЖШС-ның иесі, ол тасымалдау және экспедиция қызметтерін ұсынады.
Екі компания да Астанада тіркелген.
Қапеновтің Ресейде де бизнесі бар. 2023 жылы Мәскеуде «Рубиус» атты компания ашқан. Компания қызметі төмендегі бағыттарды қамтиды:
- жылжымайтын мүлікті жалға беру, басқару және сату;
- ғимараттар, теміржол және метро құрылысын жүргізу;
- логистика;
- автомобильдер, құрылыс және кеңсе техникаларын лизингке беру.
РФ заңды тұлғалар бірыңғай мемлекеттік тізілімінің (ЕГРЮЛ) мәліметтері бойынша, компанияны Қырғызстан азаматы Медер Қапенов құрған. Бұл деректі 2022 жылдың мамыр айында жарияланған Қырғызстан президентінің азаматтық беру туралы жарлығы да растайды.