Тәжікстан азаматшасы Ресейге адыраспан өсімдігін алып өткені үшін 8 жылға бас бостандығынан айырылды.
Тәжікстанның Бас прокуратурасы азаматтарды Ресейге адыраспан әкелуге жол берілмейтінін ескертті.
Ведомствоның хабарлауынша, екі тәжікстандық әйел Ресей әуежайларында бұл өсімдікті «жеке және медициналық мақсатта» алып өтпек болған кезде ұсталған.
Солардың біріне қатысты Ресей Қылмыстық кодексінің 228-бабы (2-бөлік) және 229.1-бабы (3-бөлік) бойынша іс қозғалды. Яғни, есірткі заттарын сату мақсатынсыз сақтау, тасымалдау, өңдеу, сондай-ақ оларды шекарадан заңсыз әкелу баптары бойынша айып тағылған.
Тергеу аяқталғаннан кейін іс сотқа жолданып, әйел 8 жылға бас бостандығынан айырылды.
Екінші ұсталған азаматша туралы әзірге ақпарат жоқ. Сондай-ақ әйелдердің және олардың туыстарының пікірлері де белгісіз.
2024 жылғы ақпан айынан бастап Ресейде гармала (адыраспан) ресми түрде есірткілік заттар бар өсімдіктер тізіміне енгізілген. Сондықтан оны заңсыз сақтау немесе қолдану — тіпті жеке мақсатта болса да — айыппұлмен не бас бостандығынан айыру жазасымен жазаланады.
Бұған дейін Тәжікстан ІІМ және Ресейдегі Еңбек және көші-қон министрлігінің өкілдігі де азаматтарға бұл өсімдікті әкелуге тыйым салынатынын ескертіп, Ресейде тыйым салынған 10 өсімдіктің тізімін жариялаған еді.