Түркістан облысында 25 қазан – Республика күні қарсаңында халық игілігі үшін бірқатар нысан пайдалануға берілуі жоспарлануда. Атап айтқанда 23 қазан күні Мақтаарал ауданындағы Өркениет елді мекеніндегі шағын спорт кешені, Түркістан қаласы, Баянауыл елді мекенінде 600 орындық мектеп, Сауран ауданы, Ораңғай ауылында №6 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, Сарыағаш ауданындағы Дарбаза елді мекенінде спорт кешені, Жаңа тұрмыс, Тың және Жемісті елді мекендерінде 3 дәрігерлік амбулатория Сарыағаш ауданындағы Дарбаза елді мекенінде спорт кешені, Жаңа тұрмыс, Тың және Жемісті елді мекендерінде 3 дәрігерлік амбулатория ашылады. Ал, 24 қазан күні Келес ауданындағы Жиделі ауылында 75 орындық ауылдық клуб ашылмақ. Бұл туралы Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Ерлан Күзембаев өңірлік коммуникация алаңында өткен брифиргте мәлімдеді, — деп хабарлайды todayinfo.kz ақпараттық порталы.
«Баршаңызға мәлім, Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысында Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтару туралы бастамасын қалың жұртшылық қолдады. Себебі, оның тарихи мәні зор. Өздеріңіз білетіндей, 1990 жылы, 25 қазанда Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданды. Аталған декларация еліміздің тәуелсіздік алуына жол ашқан маңызды құжат болды. Жыл сайын атаулы мерекені атап өтудің идеялық-мазмұндық желісін айқындайтын мазмұндық бөлік пен базалық басымдықтар бойынша арнайы Тұжырымдама әзірленіп, іске асырылады. Мерекені визуализациялау үшін ресми БАҚ-та, мерекелік іс-шараларды өткізу және барлық елді мекендерді сыртқы безендіру, сондай-ақ әлеуметтік желілерде пайдалану үшін Республика күнінің бірыңғай логотипі бекітілген» — деді басқарма басшысы Ерлан Күзембаев
Спикердің мәлімдеуінше бүгінгі күнге 10 аудан, қаладағы 47 сыртқы жарнама құралдарында мерекелік баннерлер орнатылыпты. Сондай-ақ, Ұлттық мерекенің тұжырымдамасы негізінде 23 тармақтан тұратын облыстық іс-шаралар жоспары бекітіліп, аудан,қалаларда 121 іс-шара өтеді деп жоспарланып отыр.
«Республика күні Президентіміз Ақордада Мемлекеттік ту көтеру рәсімін өткізсе, бұл іс-шара біздің өңірде Түркістан қаласындағы Рәміздер алаңында өз жалғасын табады. Облыстың әрбір азаматы мемлекеттің дамуы мен Қазақстанның қалыптасуына қосқан жеке үлесінің маңыздылығын сезіндіру мақсатында 24 қазан күні елдің және өңірдің дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарды құрметтеу және көтермелеу мақсатында мемлекеттік және ведомстволық наградалармен, алғыс хаттармен, грамоталармен және көтермелеудің өзге де нысандарымен марапаттау жоспарланған облыстық салтанатты мерекелік іс-шарасы өткізіледі» — деді Ерлан Күзембаев.
Бұл күні Түркістан өңірінде әр саладағы еңбек сіңірген қызметкерлер, еңбек ардагерлері, ерлік көрсеткен азаматтар марапатталатын болады. Сонымен бірге, мерекенің бүкілхалықтық атмосферасын қалыптастыру және халықтың барлық нысаналы топтарын қатыстыру мақсатында жаппай халықтық серуендер, мерекелік сауда, концерттер ұйымдастырылады. Білім және мәдениет ұйымдарында Республика күніне арналған тақырыптық көрмелер, дәрістер, сынып сағаттар сериясы, спорттық ұйымдар желісінде мерекелік спорт фестивальдері, жарыстар өткізіледі.
Әлеуметтік желілерде «Republic day» эгидасымен патриоттық әндерді орындау және өлеңдер оқу бойынша «Менің Қазақстаным» шығармашылық челленджі, сондай-ақ табиғаттың көркем жерлерінің, ел үшін мақтаныш сезімін тудыратын тарихи сәулет ғимараттарының фотосуреттерін орналастыру жөніндегі «Көрікті Қазақстаным» челленджі ұйымдастырылуда. Сондай-ақ, жастар ресурстық орталықтарының ұйымдастыруымен халық арасында Республиканың қазіргі заманғы тарихын білу тұрғысынан зияткерлік конкурс (блиц-сауалнама) форматында “Менің отаным” акциясы өткізіледі. Сонымен қатар, алғашқы рет жастар арасында азаматтық жауапкершілік, қоғамдық мүлікке ұқыпты қарау және вандализмге қарсы іс-қимыл идеяларын ілгерілету мақсатында #жақсыәдет әлеуметтік челленджі өткізілмек. Челлендж аясында салауатты өмір салтын, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды және мүлікке ұқыпты қарауды насихаттайтын жас азаматтардың бейнероликтері таратылатын болады.
Атаулы мереке қарсаңында халықтың тұрмысын жақсарту үшін коммуналдық қызметтерді беру деңгейін көтеріп, жаңа әлеуметтік маңызы бар 10 нысанды пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сонымен қатар, халықтың әртүрлі топтарының қатысуымен «Таза Қазақстан» іс-шарасы шеңберінде жаппай экологиялық іс-шаралар атап айтқанда аулаларды, көшелерді саябақтарды, алаңдарды, скверлерді тазалау, ағаш отырғызу және тағы басқа іс-шаралармен жалғастырылады.
Брифинг барысында Түркістан облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Ержан Исатаев мереке қарсаңында Түркістан облыстық мәдениет басқармасының жоспарындағы іс-шаралармен таныстырып өтті.
«Баршаңызды ұлттық мерекеміз – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын. 25 қазан – еліміз үшін маңызды күндердің бірі. Дәл осы күні 1990 жылы Қазақстанның Егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл – ел тәуелсіздігінің алғашқы қадамы болды. Мемлекет басшысының жарлығымен күнтізбеге ұлттық мереке ретінде қайта енгізілді. Енді осы мереке қарсаңында Түркістан облыстық мәдениет басқармасының жоспарындағы іс-шаралармен таныстыруға рұқсат етіңіздер. Республика күні орай күні кеше «Voice of Turan» халықаралық қазақ әндер фестивалі басталды. Биыл бесінші рет ұйымдастырылып отырған шара бүгін де «Конгресс Холл» көпсалалы кешенінде жалғасады» — деді Түркістан облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Ержан Исатаев.
Айта кетейік, Түркістан төрінде өтіп жатқан ән байқауына Қырғызстан, Өзбекстан, Татарстан, Башқұртстан, Тыва, Әзербайжан, Грузия, Беларусь, Армения, Кипр, Түркия, Болгария, Косово, Индонезия, Испания, Куба, Венесуэла елдерінен халықаралық ән байқауларында жетістікке жеткен 18-35 жас аралығындағы эстрадалық жанрдағы орындаушылар, үлкен концерттік қойылымдарда тәжірибесі бар 16 үміткер қатысып жатыр. Байқау шартына сәйкес бүгін еліміздің өнер шеберлерімен бірге дуэт орындады. Ал ертең өз таңдауындағы қазақ әнін шырқайды.
Мерекеге орай Түркістан өңіріндегі Қазығұрт ауданында жазушы, драматург, мемлекет және қоғам қайраткері Қалаубек Тұрсынқұловтың 90 жылдығына орай 23 қазан күні «Қазығұрт береке, бірлік бастауы» атты республикалық ақындар айтысы өткізіледі. Ал 24 қазан күні сағат 16:00-де облыстың Республика күніне арналған «Жаса, жайна Қазақстан» салтанатты іс-шарасы «Конгресс Холл» көпсалалы кешенінде өтеді. Сондай-ақ 25 қазан күні Рәміздер алаңында «Мемлекеттік ту көтеру» рәсімін өткізу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, облыстағы барлық қала, аудандарда 22-25 қазан күндер аралығында орталық алаңдарда Республика күніне арналған салтанатты іс-шаралар өтеді. 23-25 қазан аралығында Облыстық музейлерде мерекеге орай танымдық кеш, мерекелік кеш, сурет сайысы өтеді. 23 қазан күні сағат 11:00-де «Ұлттық ұлан» әскери кешенінде «Фараб» әмбебап кітапханасының ұйымдастыруымен «Қыран елім-Қазақстан» атты мерекелік кеш өтеді. Әрі қарай да мазмұнды іс-шаралар жалғасын табады.