Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, 2027 жылға дейін республикалық маңызы бар барлық жолдар интернетпен қамтылатын болады. Бұл туралы ол үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Тodayinfo ақпараттық порталы.
Министр өткен жылы көшпелі тексеру, дыбыс деңгейін өлшеу және интернетсіз учаскелерді анықтау арқылы автожолдарды егжей-тегжейлі талдау аяқталғанын атап өтті. Нәтижесінде, бірінші кезеңде республикалық жолдар бойында 243 антенна-діңгек құрылыстары орнатылмақ.
«Ол үшін 104 антенна-діңгек құрылысы бойынша сараптаманың оң қорытындысы алынды. «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 2027 жылы республикалық және облыстық жолдардың 100%-ы мобильді интернетпен қамтылады», — деді Мәдиев.
Осыған орай, цифрлық даму министрлігі антенна-діңгек құрылыстарын орнату үшін бюджеттік қаржыландыруды қолдауды сұрады.