Түркістан облысының имамдары Бас муфти Наурызбай Өтеповтың өңірге келуіне орай тұрақты ақша жинайды. Бас муфтидің өңірге келуі әрбір имам кемінде 150 мың теңгеге шығындалады, деп хабарлайды Todayinfo агенттігі.
Муфтияттағы молдалардың әрекетін журналист Ораз Әлімбеков жайып салған. Ал Наурызбай Өтепов Түркістан облысына бірнеше рет іс-сапармен келіп кеткен. Алайда муфтидің келуі қарапайым имамдар үшін қып қызыл шығын.
Түркістандық қарапайым имамдар «қоңыз теріп» қиналып кетті
«Бас мүфти Наурызбай Өтпеновтың өңірге сапарына арнап молдалар қанша ақша жинады?Түркістан облысының имамдары «өңірге Бас мүфти Наурызбай Өтпенов келген сайын облыстың жаңадан тағайындалған бас имамы Ержан Тілепов ақша жинап, әбден «қанымызды» ішіп бітті» деп хабарласты. Мысалы, Бас мүфтидің 2024 жылдың қаңтар айының соңында Түркістанға барған 2 күндік ресми сапарына арнап облыстағы 17 аудан және қала имамдарының әрбірінен 150 мың мен 300 мың теңге аралығында ақша жиналды. Аудан имамы қарапайым молдаларға салмақ салады. Олар ақша іздеп тентіреп кетеді… Осылай жиналған қаржыны аудан имамдары бас имам Е.Тілепов пен оның іс басқарушысы қызметін атқаратын Алимханның каспиголдына аударып тұрды (дәлелді чектердің көшірмесі төменде тұр). Кейбірі қолма-қол ақша әкеп берді. Мысалы, Созақ ауданының бас имамы Мейрамбек қажы облыстың бас имамына қолма-қол 150 мың теңге әкеп беріп, кейін «бұл аз» деген соң 130 мыңды каспиголдына аударған», -деді журналист Ораз Әлімбеков.
Оның сөзінше, бұл қаржының бәрі Түркістанға сапарлап келген Бас мүфтидің ұшақпен ары-бері ұшуына, қымбат қонақ үйде тұрып, қымбат мейрамханадан ауқаттануына жұмсалады екен.
«Хазірет мүбәрек жүзін түркістандық жамағатқа көрсеткені үшін» де хадия (сыйлық) беріледі. Оның парқы мен нарқы – 2 млн. Әрине, жиналған ақша түгелімен Бас мүфтидің Түркістанға келіп-кетуіне жұмсалмаған шығар. Бірақ облыстың бас имамы Е.Тілепов қанша ақша қайда жұмсалғаны, қанша ақша артылып қалғаны жөнінде қарапайым молдаларға есеп берген емес, бермейді де. Себебі, Бас мүфти Н.Өтпенов Ержан Тілеповты аттай қалап осы облысқа былтыр көктемде бас имам қылып қойған. Облыстың бұрынғы имамы — Әл-Азһар университетінің түлегі, Phd докторы Еркебұлан Қарақұлов Бас мүфтиге жақпады. Түркістанға дейін екі облыста бас имам болған Е.Құрақұлов Е.Тілепов секілді қарапайым имамдардан бүйтіп ақша жинамайтын. Сондықтан болса керек, былтыр көктемде оны облыстың бас имамы қызметінен алып тастады. Оның орнына бас имамдық тәжірибесі жоқ Е.Тілеповты әкеліп қойды. Осыдан кейін Бас мүфти Түркістанға жиі сапарлайтын әдет шығарып алды. Ал түркістандық қарапайым имамдар өңірге сапарлап келетін мүфтилердің ішім-жеміне, келіп-кетуіне ақша жинап әбден қиналып кетті», — деп жазды ол.
Журналистің сөзінше, имамдар мешітке түскен кірістің 30 пайызын муфтиятқа аударып туруға міндетті. Тіптен аудандағы имамдар ай сайын кемі 1 млн теңге аударуға мәжбүр. Ал Астанадан сапарлап келген Бас муфти мен оның көмекшілері де қымбат қонақ үйге жатады.
«Ақша демекші, осы мүфтият неге ақшаға тоймайды екен, ә?!. Наурызбай Өтпенов Бас мүфти бола сала ҚМДБ жарғысына «ай сайын мешіт түсімінің 30 пайызы мүфтиятқа аударылуы тиіс» деген өзгеріс енгізген. Сол қаржы мүфтилердің жүріп-тұруына неге жетпейді?!. Неге олар қарапайым молдалардың мойнына бұтын асып мініп алған?!. Мүфтилердің аймақ аралап жүріп-тұрғаны қарапайым молдаларға міндет болды ғой, түге… Мұндай басымсу қашан тыйылады?!.Кез келген ұйымның қызметкерлері өңірге шыққанда оларға іссапар шығыны (ұшақ, қонақүй, такси, ішім-жем) рәсімделеді. Ондай шығынға жететін ақша ҚМДБ-да пішен. Республикадағы әрбір мешіттен ай сайын түсімнің 30 пайызы мүфтиятқа беріледі. Мысалы, әлеуметтік жағдайы нашар Сайрам ауданының бас имамы ай сайын мүфтиятқа 1 млн теңгеден астам ақша аударып отыр. Елімізде жүздеген аудан барын ескерсек, мүфтияттағы ақша тау болып үйліп жатқан шығар. Солай болып тұрса да, Бас мүфтиден бастап мүфтият басшыларының бәрі өңірдегі халыққа (кәсіпкерлер мен қарапайым молдалар да халықтың бір бөлігі ғой) ауыртпалығын салып жүр. Бас мүфти Наурызбай Өтпенов Түркістанға келген осы сапарында Rixos («Ханшайым отел» ЖШС) атты қымбат қонақүйде жатты. Оның құны — 120 мың теңге. Ал оның көмекшілерінің патша көңілі дес бермейді, олар да сол қонақ үйдегі 80 мың теңгелік номерлерде тұрды. Әрине, бұл ақшаның бәрін облыстың бас имамы Ержан Тілеповтың тапсырмасы бойынша қарапайым молдалар халықтан жинады. Бұған дәлел ретінде түркістандық молдалар қонақүймен есеп айырысқан чектерді ұсынып отырмын», — деді Ораз Әлімбеков.
Астанадан келетін қонақтарды күтіп алып шабарман болып жүгіріп жүретін молдалардың айтуынша, мүфтият басшылары Түркістанға келгенде іс сапар қағазына «осында келіп-кеттім» деген мөр бастырып алады екен.
«Яғни, олар Астанаға оралған соң мүфтият кассасынан іссапар шығынын қайтарып алып, «екі жеп, биге шығып» отыр. Өздері бел ауыртып, терлеп-тепшіп жұмыс жасамайды, екі жағдайда да халықтың үстінен күн көріп, елімізге ауыртпалық салып жүр. Арзан қонақүйге тоқтап, пойыз мініп, халықтың ақшасын ысырап қылмай жүрсе – мақұл ғой. Олигархтың ұлдары сияқты ұшақ мініп, қымбат қонақүйде жатып, қымбат мейрамханада тамақтанады. Мүфтият басшылары айта беретін көркем мінез, ынсап атаулы олардың өздерінде жоқ. Бұл масқара қылықты тыятын адам бар ма? Мүфтияттың кесірлі саясаты қашанға дейін жалғаса бермек?..Эх, бірі кем қу дүние-ай», — деп жазды ол.