Әнші жалған жарнамаға түскенін айтып, алаяқтарға сенбеуді сұрады
Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева Instagram парақшасында жанкүйерлеріне маңызды ескерту жасады. Интернетте оның даусымен жазылғандай көрінетін жалған видеолар тарап жатыр, деп хабарлайды Todayinfo.kz.
Бұл видеоларда әнші “Казатомпром” инвестициялық жобаларына ақша салуға кеңес беріп жатқандай етіп көрсетілген.
Рымбаеваның айтуынша, алаяқтар тек сырт келбетін ғана емес, ЖИ арқылы жасалған даусын да қолданған, осылайша адамдарды күмәнді қаржы схемаларына тартуға тырысқан.
«Мен ешқандай инвестицияны жарнамаламаймын және ондай кеңес бермеймін. Мұның бәрі – алаяқтық», – деді Роза Рымбаева.
Ол қазақстандықтарды сақ болуға, алаяқтардың арбауына түспеуге шақырды. Жалған видеоларға оның шынайы концерттерінен және сұхбаттарынан алынған үзінділер қасақана жапсырылып, сенім ұялатуға бағытталған.
Егер сіз осындай жарнаманы көрсеңіз – сілтемелерге өтпеңіз және ақша аудармаңыз. Оның орнына бұл туралы киберполицияға немесе платформаның әкімшілігіне хабарлаңыз.
View this post on Instagram

