Қазақстан өңірде алғаш болып қалалық әуе мобильділігінің толыққанды экожүйесін таныстырды: аэротакси, дрон-жеткізушілер және цифрлық навигация жүйесі, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.

 

2026 жылдың 19 мамырында Alatau City-де Қазақстан мен Орталық Азия тарихында алғаш рет eVTOL (electric Vertical Take-Off and Landing) - электр қуаты арқылы тік ұшып-қонатын аппараттың демонстрациялық ұшуы өтті. Көпшілікке бұл технология аэротакси ретінде кеңінен белгілі.

Іс-шараны қазақстандық Alatau Advance Air Group Ltd. (AAAG) жеке компаниясы Қытай, Оңтүстік Корея, Италия және АҚШ-тағы халықаралық серіктестерімен бірлесіп ұйымдастырды.

Жоба толықтай жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылуда. Alatau City-де қалалық әуе мобильділігін дамытуға шамамен 300 млн АҚШ доллары көлемінде жеке инвестиция құйылған.

Әуеге жолаушыларға арналған AutoFlight Prosperity аппараты көтерілді. Аппараттың ішіне 1 ұшқыш және 4 жолаушы сыяды, сағатына 200 км-ге дейінгі крейсерлік жылдамдықты дамыта отырып, бір қуаттаумен 200 км-ге дейін ұша алады. Lift-and-Cruise схемасы бойынша жұмыс істейтін 13 электр қозғалтқышымен жабдықталған Prosperity атмосфераға көмірқышқыл газын бөлмейді және дәстүрлі көлік түрлеріне қарағанда әлдеқайда тыныш жұмыс істейді. Мысалы, жүк көлігі шамамен 80 децибел (dB), жеңіл автокөлік 70 dB шу шығарса, eVTOL аппаратының дыбыс деңгейі небәрі 65 dB құрайды. Бұл сауда-ойын-сауық орталығындағы шу деңгейімен шамалас.

eVTOL жүйелерінің барлық негізгі компоненттері бірнеше деңгейлі резервтік қорғаныспен жабдықталған.

Қауіпсіздік талаптарына сәйкес AutoFlight Prosperity аппараты жолаушылардың қатысуынсыз сынақтан өткізілді. Іс-шара қонақтары мен қатысушылары демонстрациялық ұшуды арнайы бақылау алаңынан тамашалады. Сонымен қатар, AAAG компаниясы AutoFlight-пен өзара түсіністік туралы меморандумға (MOU) қол қойды. Құжат V2000/V5000 сериясындағы 50 eVTOL аппаратын сатып алуды көздейді. AutoFlight пен AAAG Қазақстанда маркетинг, сату, оқыту, инфрақұрылым, жерүсті операциялары, сондай-ақ техникалық қызмет көрсету және жөндеу (MRO) бағыттарын қамтитын кешенді өңірлік экожүйені бірлесіп дамытуға ниетті. Серіктестік аясында ноу-хау, технологиялық құзыреттер мен операциялық тәжірибе алмасу да қарастырылған.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жай ғана демонстрациялық ұшу емес, сонымен қатар қалалық әуе мобильділігінің тұтас экожүйесімен таныстыру. Жолаушыларға арналған аэротаксимен қатар, қонақтарға Keeta Drone (Қытай) және A2Z (АҚШ) компанияларының жүк жеткізуге арналған ұшқышсыз жүйелері, сондай-ақ Korea Airports Corporation мен Shenzhen Urban Transportation Planning Center әзірлеген UATM цифрлық навигациялық платформасы ұсынылды. Аталған үш компонент бірігіп, әлемдік индустрияда Low Altitude Economy – төмен биіктіктегі экономика деп аталатын жаңа инфрақұрылымдық саланы қалыптастырады. Бұл жүйе жолаушылар тасымалын, жүк логистикасын және әуе кеңістігін цифрлық басқаруды қамтиды.

Morgan Stanley сарапшыларының болжамынша, 2040 жылға қарай Urban Air Mobility-дің жаһандық нарығы 1–1,5 трлн АҚШ долларын құрайды. Ал McKinsey компаниясы Advanced Air Mobility бағытын жаңа қалалық экономиканың негізгі салаларының бірі деп есептейді. 2016 жылы саладағы жеке инвестициялар көлемі 40 млн АҚШ долларын құраса, 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 6,5 млрд АҚШ долларынан асты.  

«Біздің міндетіміз – технологияны жеткізумен шектеліп қана қоймай, толыққанды индустрия қалыптастыру: инфрақұрылым, инженерлік құзыреттер және қазақстандық мамандар үшін жаңа жұмыс орындарын құру. Alatau City жаңадан салынуда және де бұл – жобаның артықшылығы. Мұнда әуе мобильділігін қаланың мастер-жоспарына бастапқы кезеңнен енгізуге мүмкіндік бар», - деп атап өтті Alatau Advance Air Group Ltd. компаниясында.

AutoFlight өкілдерінің айтуынша: «Қазіргі таңда eVTOL технологияларының даму деңгейі электромобильдердің 10–15 жыл бұрынғы кезеңіне ұқсас. Қазақстан бұл өзгерістерге алғашқы кезеңде қосылып отыр, сондықтан біз Alatau City-ді болашақтағы аэротакси жүйелерін тестілеуге арналған маңызды орталықтардың бірі деп санаймыз».

«Біз үшін маңыздысы – тек ұшудан алған алғашқы әсер емес, сонымен қатар оның болашақтағы үлкен өзгерістерге жол ашуы», — деп пікір білдірді Alatau City Authority (ACA) атқарушы директоры Әлішер Абдықадыров.

AAAG осы жобаға арналған шамамен 40 нормативтік-құқықтық актіні әзірлеуге қатысып жатыр. Іс жүзінде бұл Alatau City-дің өзіндік «Әуе кодексін» қалыптастыруға бағытталған жұмыс.

Қазіргі таңда ұлттық авиациялық заңнамаға енгізілетін түзетулер жобасы Мәжіліс қарауында жатыр.