Todayinfo.kz
НовостиСмотреть все материалы

Asiakoz International Hospital Ақтауда есік ашты: Маңғыстаудың медицинасында жаңа дәуір басталды

Қала тынысы бүгін сәл басқаша соқты. Таңғы теңіздің салқынына араласқан бір үміт, бір жаңа қадам. Ақтауда халықаралық стандартқа сай жаңа медициналық орталық – Asiakoz International Hospital салтанатты түрде ашылды. Бұл – жай ғана клиника емес. Бұл – көздің нұрын қайтаратын, мойы

Автор Жаннұр Еділбаева··2 мин чтения
Қала тынысы бүгін сәл басқаша соқты. Таңғы теңіздің салқынына араласқан бір үміт, бір жаңа қадам. Ақтауда халықаралық стандартқа сай жаңа медициналық орталық – Asiakoz International Hospital салтанатты түрде ашылды. Бұл – жай ғана клиника емес. Бұл – көздің нұрын қайтаратын, мойындалған технологияны Маңғыстауға әкелген жоба. Бұл – шетелдік тәжірибе мен отандық білікті кадр тоғысқан орын. Жиналған жұрттың дені – медицинаға талабы биік, өңір болашағына бейжай қарамайтын азаматтар. Ашылу рәсімін белгілі журналист, жүргізуші Әнуарбек Бимағамбет бастады. Әр сөзі салмақты, әр паузасы орынды. “Бұл орталық – осы өңірдің жаңа тынысы” деді ол. Айтты да, LED-экранға назар аударуды сұрады. Экраннан 4 минуттық фильм жүріп өтті. Бұл төрт минут – төрт жылдық еңбектің көрінісі секілді. Жанға шуақ сыйлайтын сәттер, қайта көреген пациенттердің қуанышы, шағын командадан халықаралық серіктестікке дейін өскен жол. Asiakoz-дың кім екенін фильм емес, адамдардың тағдыры айтып берді. Фильм аяқталғанда сахнаға Ержанар Әшейхан көтерілді. Клиниканың бас директоры. Жүйелі сөзге жүйрік басшы. “Мақсатымыз – Ақтауға сапалы медицинаның жаңа деңгейін қалыптастыру. Бұл клиника – бір ғимарат емес, үлкен идеяның іске асуы,” – деді ол. Келесі болып сөз кезегі Сәтжан Тоқтарбайға берілді.Клиниканың негізін қалаушы. Идея авторы. Жобаның жаны. Алдымен қазақша, кейін түрікше сөйледі. “Біздің арманымыз – тек емдеу емес, әлемдік медициналық мәдениетті осы өңірге әкелу. Бұл – Қазақстан мен Түркия арасындағы сенімнің белгісі,” – деді ол. Түрік аудиториясы үшін айтқан сөзі де анық, айқын, эмоциясыз, бірақ әсерлі шықты. Салтанатты рәсім облыс әкімінің орынбасары мен Ақтау қаласының әкімінің құттықтауымен жалғасты. Әкімдер сөз ұзартып жатпады. Аймақ үшін пайдалы істі қолдаудың өзі – үлкен белгі. Жиналғандарға ең әсерлі сәттердің бірі – клиниканың нағыз пациентінің сахнаға шығуы болды. “Бұл клиника менің көруімді емес, өмірімді қайтарды,” – деді ол. Бір ауыз сөз. Бірақ әсері – бір кітап. Соңында Әнуарбек Бимағамбет рәсімнің ресми бөлігінің аяқталғанын хабарлап, қонақтарды “Caspina Riverada” мейрамханасына өтетін қонақасыға шақырды. Алайда қазақ салты батасыз болмайды. Сахнаға шыққан денсаулық сақтау саласының ардагері ақ батасын беріп, ізгі тілекпен лента кесуге жол ашты. Лента қиылды. Шашу шашылды. Жандарбек пен Сырым арнау айтты. Әуезді, мазмұнды, жүректі тербейтін. Бір мәдениетті екінші мәдениетпен, бір идеяны екінші ұрпақпен жалғап тұрғандай. Бүгінгі күн – тек бір нысанның ашылуы ғана емес. Бүгінгі күн – Маңғыстаудың медициналық картасында жаңа дәуірдің басталуы. Технологиясы мықты, дәрігері білікті, амбициясы айқын клиниканың Ақтауда бой көтеруі – өңірдің денсаулығына, елдің сеніміне жасалған нақты қадам. Asiakoz International Hospital — жарықты қайта оятатын жаңа үміт. Қазақстанның батысына келген жаңа нұр.

Похожие материалы

Asiakoz International Hospital Ақтауда есік ашты: Маңғыстаудың медицинасында жаңа дәуір басталды · Todayinfo