Павлодардағы Орталық гүлзарды жөндеу барысында әкімдік 368 млн теңгені ысырап етпек болды, деп хабарлайды Todayinfo.kz
порталы Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.
Облыстық прокуратураның мәліметінше, сметалық құжаттамаға көлемі 25 мың шаршы метрден асатын тротуар плиталарын төсеу жұмысы, сондай-ақ құны 368 млн теңгеден асатын дәл осындай көлемдегі бетон плиталарын сатып алу енгізілген.
Бұл ретте гүлзардың жалпы аумағы – шамамен 25 мың шаршы метр. Ал оның құрамында көгалды тұстар, жасыл желектер, ағаштар мен ешнәрсе төсеуге болмайтын топырақты орындары бар.
Жүргізілген өлшеулер нәтижесінде тротуар плиталарына нақты қажеттілік 9 мың шаршы метрден аспайтыны анықталды. Осылайша, жобада көзделген жұмыс көлемі мен материалдар нақты қажеттіліктен едәуір асып кеткен, бұл бюджет қаражатының негізсіз жұмсалу қаупін тудырған.
«Прокурорлық қадағалау актісі бойынша мемлекеттік сатып алу рәсімі тоқтатылып, кінәлі лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды. Павлодар қаласының прокуратурасы заңдылықты қамтамасыз ету, мемлекеттік мүдделерді қорғау және бюджет қаражатының тиімді пайдаланылуын бақылау бағытындағы жұмысын жалғастырады», – делінген хабарламада




