2026 жылғы футболдан әлем чемпионатында С тобындағы алғашқы тур матчтары аяқталды. Бразилия мен Марокко құрамалары тең түссе, Шотландия Гаитиді ең төменгі есеппен жеңіп, топ көшбасына шықты, деп хабарлайды Todayinfo.kz
Бразилия мен Марокко арасындағы кездесуде есепті алғашқы болып африкалық команда ашты. Алайда бразилиялықтар таразы басын теңестіре алды. Матчтың соңғы минуттарында екі құрама да шабуылды үдеткенімен, жеңіс голын соға алмады. Нәтижесінде ойын тең аяқталды.
Топтағы екінші матчта Шотландия құрамасы АҚШ-тың Фоксборо қаласындағы «Джиллетт Стэдиум» стадионында Гаитимен кездесті. Ойынға алжирлік төреші Мустафа Горбаль бастаған қазылар алқасы қызмет көрсетті.
Матч тағдырын 28-минутта шотландиялық жартылай қорғаушы Джон Макгинн соққан жалғыз гол шешті. 1:0 есебімен жеңіске жеткен Стив Кларк шәкірттері турнирдегі алғашқы үш ұпайына қол жеткізді.
Алғашқы турдан кейін С тобындағы жағдай мынадай: Шотландия үш ұпаймен бірінші орында тұр. Бразилия мен Марокконың еншісінде бір ұпайдан бар. Ал Гаити әзірге ұпай жинай алған жоқ.
Топтағы келесі ойындар 20 маусымда өтеді. Шотландия Мароккомен кездессе, Бразилия Гаити құрамасына қарсы алаңға шығады.
Еске салайық, бүгін Германия мен Кюрасао құрамалары өзара матч өткізеді.
2026 жылғы футболдан әлем чемпионаты тарихта алғаш рет бірден үш елде – АҚШ, Канада және Мексикада өтіп жатыр. Турнирдің финалдық матчы 19 шілдеге жоспарланған.




