Қазақ спорт және туризм академиясының президенті Қайрат Закирьянов Алматы қаласының табиғи ерекшеліктері спортшыларды дайындауға ерекше мүмкіндік беретінін айтты, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Оның сөзінше, Алматы – чемпион тәрбиелеуге барлық жағдай жасалған бірегей өңір.
«Алла бізге Алматыдай жерді сыйлады. Мұнда чемпиондарды дайындауға қажетті барлық мүмкіндік бар. Осындай жағдайды қалай пайдаланбасқа?» – деді ол.
Закирьянов атап өткендей, қала мен оның маңындағы орта таулы аймақ спортшылардың дайындығы үшін аса тиімді. Мұндай табиғи ортада жаттығу жасау төзімділікті арттырып, жарыстарда айтарлықтай басымдық береді.
Бүгінде Алматы және оған жақын орналасқан таулы өңірлер тек қазақстандық емес, шетелдік спортшылар үшін де маңызды оқу-жаттығу базасына айналып келеді. Бұл аймақ халықаралық деңгейдегі спорттық дайындық орталығы ретінде танылып отыр.
Маманның пікірінше, орта таулы жағдайда жаттығу жүйесін дамыту отандық спорттың басты бағыттарының бірі болуы тиіс. Бұл қазақстандық спортшылардың нәтижесін арттырып, халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілігін күшейтеді.




