Алматы облысында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының ресми түрде күшіне енуіне орай «Ата Заң – Қуатты Қазақстан!» атты конференция өтті.
Конференцияға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев төрағалық етіп, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, зиялы қауым өкілдері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, кәсіпкерлер, үкіметтік емес ұйымдар мен этномәдени бірлестіктердің мүшелері және жастар қатысты. Олар енгізілген жаңашылдықтардың маңызы, қоғамның дамуына тигізетін рөлі мен ықпалы туралы пікір алмасты, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Марат Елеусізұлы жиынға жиналғандарды жаңа Конституцияның заңды күшіне енуімен құттықтап, жаңа Ата Заң еліміздегі саяси және мемлекеттік басқару жүйесін түбегейлі жаңғыртқанын айтты.
«Жаңа Конституция азаматтардың мемлекеттік басқарудағы рөлін күшейтіп, мемлекеттік институттардың жауапкершілігін арттыруға, адам құқықтарын қорғауды нығайтуға бағытталған. Президент атап өткендей, «Заң мен Тәртіп – мемлекет саясатының ғана емес, ұлт болмысының ажырамас бөлігі болуы тиіс». Сондай-ақ Мемлекет басшысының «Тазалық ұғымы ұлтымыздың болмыс-бітіміне тән асыл қасиетке, қоғамдық мәні зор құндылыққа айналып жатыр. «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы – соның айқын көрінісі» деген сөзін негізге ала отырып облысымыздың барша тұрғындарын «Таза Қазақстан» акциясына белсенді атсалысуға шақырамын. Бұл ой-сананың тазалығымен келетін дүние. Бүгінгі күнге дейін облысымызда 104 мыңға жуық ағаш отырғызылды және 440 мың адам белсенділік танытып, жобаның жанашырына айналды», – деді аймақ басшысы.
Сондай-ақ Жаңартылған Конституцияда білім беру мен ғылым мемлекеттің стратегиялық басымдығы ретінде айқындалғанын, тегін орта білім алуға берілетін кепілдіктер күшейтіліп, алғаш рет конституциялық деңгейде бекітілгенін жеткізді. Облыс әкімінің айтуынша, биыл өңірде білім беру саласына 409,8 млрд теңге бөлінген. Облыста 1 748 білім беру ұйымы жұмыс істейді, онда 470 мыңнан астам бала білім алып, тәрбиеленуде. Соңғы үш жылда облыста 69 мектеп бой көтерді. 2025-2027 жылдары 91 мектепке күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған. Биыл 11 нысанда жөндеу жұмыстары жалғасып, 2026-2028 жылдары 11 жаңа мектеп салу жоспарланған.
«Жаңа Конституцияның қағидаттары адамдардың күнделікті өміріндегі нақты өзгерістер арқылы көрініс табуы қажеттігін атап өткім келеді. Бұл әрбір мемлекеттік қызметшіден жоғары жауапкершілікті талап етеді. Формализмге, бюрократияға және азаматтардың мәселелеріне немқұрайлы қарауға жол жоқ. Әрбір басшы өз саласында өзгерістердің бастамашысы болып, қабылданған шешімдердің нақты нәтижесіне жауап беруі тиіс», – деді Марат Елеусізұлы.
Сондай-ақ еліміздегі бұрын-соңды болмаған, ең үлкен, ең ауқымды жоба – «Алатау сити» шаһары Алматы облысы аумағында бой көтеріп келе жатқанын айтып, жобаның сәтті жүзеге асуына жан-жақты кірісу керектігін жеткізді.
Облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы Қазыбек Дәутәлиев жаңа Конституцияның мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртып, заң үстемдігін нығайтуға және азаматтардың мемлекет ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтуге жол ашқанын тілге тиек етті. Оның айтуынша, Президент бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында қоғамдық кеңестер мен Халық кеңесінің рөлі артып келеді. Бұл институттар мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам арасындағы тиімді диалог орнатып, тұрғындардың ұсыныстары мен пікірлерін шешім қабылдау процесіне енгізуге, қоғамдық бақылауды күшейтуге ықпал етуде.
Конференцияда кәсіпкерлер қауымы атынан сөз сөйлеген «Дәулет-Бекет» шаруа қожалығының басшысы Сыдық Даулетов елдегі экономикалық реформалар өндірісті дамытуға, инвестиция тартуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталғанын айтты.
Алматы облысының белсенді жасы Алина Кан жаңа Конституцияның заңды күшіне енуі Қазақстанның жаңа даму кезеңінің басталғанын білдіретін тарихи оқиға екеніне тоқталды.
«Жаңа Ата Заңда заң үстемдігі, әділеттілік, қоғамдық келісім, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау, азаматтардың тең мүмкіндіктері мен болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік сияқты іргелі құндылықтар бекітілген. Бұл қағидаттар әрбір азаматтың, әсіресе жастардың өмірлік ұстанымына айналуға тиіс», – деді Алина Кан.
Конференция соңында бірқатар азаматқа Мемлекет басшысының атынан Жаңа Конституцияның арнайы басылымы салтанатты түрде табысталды. Сондай-ақ сиясы кеппеген 2200 дана Ата Заң облыс аумағындағы барлық мемлекеттік мекемелер мен кітапханаларға таратылды.




