Полицияда 15 жылдан астам еңбек еткен Аслан Әлсеровты туыстары ақтық сапарға шығарып салды. Марқұмның көршісі Асланның отбасы туралы айтты, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Марқұмның мәйіті күні кеше Кеген ауданының таулы аймағынан қол-аяғы байлаулы, өртенген күйінде табылған. Мамандар, оқиға Алматы қаласында болған дейді. Қазір күдікті ретінде 15 жыл отауласқан жұбайы, кәмелетке толмаған ұлы мен оның досы қамауға алыныпты.
Асқан жауыздықпен жасалған қанды қылмыс пәтерде болған, дейді көрші-қолаң. Мұнда марқұм отбасымен бірге тұрыпты. Қазір есік мөрленген. Көршілер қаза тапқан Аслан мен жанұясы туралы бірде-бір жаман пікір айтпады. Сол күні де ешқандай айқай-шу естімепті. Тіпті қылмыс болғанын полиция қызметкерлері жауап алуға келгенде ғана білген.
“Бізге бір полиция бала келіп, ана немерем 33-те, содан сұраған. "Сендер қашаннан тұрасыңдар, кеше естідіңдер ме?" деп. Ол жұмыстағы кісілер, мен де ештеңе естіген жоқпын. Тым-тырс. Ылғи да жұмыста. Анда-санда балконнан балаларын көремін. Түк те білмейміз. Кеше қайғырып қалдым. Әп-әдемі, сондай кісілер. Келіншегі де, өзі де”, – дейді отбасының көршісі.
37 жастағы марқұмның жеті баласы бар екен. Қара жамылған Асланның туыстары қазір тілшілермен тілдесетін жағдайда емес. Ал Облыстық полиция департаменті сұмдық жағдай бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
“23 маусымда полицияға таулы аймақтан мәйіт табылғаны туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы шықты. Қаза болған адамның жеке басы анықталды. Оның полиция қызметкері болғаны расталды. Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдіктілер, оның ішінде марқұмның жұбайы мен ұлы ұсталды. Барлығы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оқиға Алматы қаласында болған”, – дейді Алматы облысының полиция департаменті.




