Алматы облысында нөсер жауын-шашын салдарынан Түрген шатқалындағы Түрген өзенінің деңгейі күрт көтеріліп, Түрген – Ассы автожолының жекелеген учаскелерін су шайып кетті, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, су басқан аумақта 17 киіз үй мен «Водник» бау-бақша серіктестігінің төрт ауласы орналасқан.

Қауіпсіздік мақсатында құтқарушылар 58 адамды, оның ішінде 21 баланы және 8 шетел азаматын эвакуациялады. Олар үшін ТЖМ-нің вахталық көлігі ұйымдастырылды. Зардап шеккендер жоқ.

Қазіргі уақытта оқиға орнында құтқарушылар тәулік бойы жұмыс істеп, сел қаупіне мониторинг жүргізуде. Сондай-ақ авариялық-қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Салдарды жоюға ТЖМ, жергілікті атқарушы органдар және өзара іс-қимыл жасайтын қызметтердің 300-ге жуық қызметкері мен 44 бірлік техникасы жұмылдырылған.