Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында болған ірі жол апаты үш адамның өмірін қиды, ал марқұмдардың жақындары істің әділ тергелуін талап етіп отыр, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Қайғылы оқиға 21 наурыз күні Әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, Zeekr автокөлігінің жүргізушісі батыс бағытта келе жатып, рөлге ие бола алмай, қарсы беттегі жолаққа шығып кеткен. Соның салдарынан ол қарсы бағытта келе жатқан Mercedes көлігімен бетпе-бет соқтығысқан.
Соққының қатты болғаны сонша, Mercedes көлігіндегі 29 жастағы жүргізуші мен оның 20 және 23 жастағы екі жолаушысы оқиға орнында тіл тартпай кетті. Ал Zeekr көлігін тізгіндеген жүргізуші түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді.
Қаза болған қыздардың бірінің құрбысы әлеуметтік желіде жазба жариялап, кінәлінің жазалануын сұрады.
"Құрбым Әл-Фараби көшесінде болған жол апатынан қаза болды. Бір адамның кесірінен қазір ол жер қойнында жатыр. Одан бөлек тағы екі адам көз жұмды. Олар кінәсіз. Біз ашық сотты талап етеміз", - деп жазды ол.
Бұл оқиғаға қатысты куәгерлердің де сөзі жария болды. Олар Zeekr көлігінің апат алдында басқа көліктермен жарысқанын алға тартады. Ресми ақпаратқа сәйкес, көлікті көлік саласында жұмыс істейтін 32 жастағы кәсіпкер басқарған. Қазір аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Фото: Әлеуметтік желіден



