Todayinfo.kz
НовостиСмотреть все материалы

Алматыдағы жол апаты: «Ешкім жауапкершіліктен құтылмайды» – ІІМ басшысы

Президент Тоқаевтың тапсырмасынан кейін ІІМ басшысы Алматыдағы жол апатына қатысты мәлімдеме жасап, кінәлілердің жазадан құтылмайтынын ескертті.

Автор Мұхтар Жексенбай··1 мин чтения
Алматыдағы жол апаты: «Ешкім жауапкершіліктен құтылмайды» – ІІМ басшысы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы үш адамның өмірін қиған атышулы жол-көлік оқиғасына байланысты Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке нақты тапсырма берді, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.

ІІМ басшысы Ержан Сәденов әлеуметтік желідегі парақшасында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша атышулы жол апатының мән-жайын жан-жақты әрі объективті тексеру, барлық кінәлінің жазалануын қамтамасыз ету шаралары қабылданып жатқанын мәлімдеді.

Оның айтуынша, апатқа қатысты қылмыстық іс қозғалған. ZEEKR көлігінің күдікті жүргізушісі сот шешімімен қамауға алынды. Сараптама оның жол апаты кезінде мас болғанын анықтады.

Бұған қоса, бұрынғы полиция қызметкерінің әрекетсіздігі және мемлекеттік нөмірлерді заңсыз беру фактілері бойынша да қылмыстық істер тергеліп жатыр. Тексеруді ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаменті жүргізуде. Ведомство қоғамдық кеңістікте тараған барлық ақпаратты талдап жатқанын хабарлады.

Бұл іске байланысты Ішкі істер министрлігінің арнайы комиссиясы Алматыға жіберілді. Қызметтік міндеттеріне салғырт қарағаны үшін Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары, сондай-ақ әкімшілік полиция және қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының басшылары қызметінен босатылды.

"Тергеу барысы менің жеке бақылауымда. Барлық кінәлі адам заңға сәйкес қатаң жауапқа тартылады. Ешкім, мәртебесіне, лауазымына және байланыстарына қарамастан, жауапкершіліктен құтылмайды. Заң алдында бәрі тең. Заң мен тәртіп – қоғамдағы қауіпсіздік пен әділдіктің негізі", - деп жазды ІІМ басшысы.

Еске сала кетейік, атышулы жол апатынан кейін Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов бұл іске жоғары лауазымды полиция қызметкерінің қатысы болуы мүмкін екенін мәлімдеген болатын. Осыдан кейін ІІМ Алматы полициясындағы бірнеше басшыны қызметінен алып, қалада ауқымды рейдтер басталды. Алғашқы күндердің өзінде жол ережесін бұзудың 4,8 мыңнан астам дерегі анықталып, 2 мыңнан астам көлік айыптұрағына қойылды.

Фото: Әлеуметтік желіден

Похожие материалы

Алматыдағы жол апаты: «Ешкім жауапкершіліктен құтылмайды» – ІІМ басшысы · Todayinfo