Ақтөбе облысы Хромтау қаласындағы «Болашақ» шахтасында төтенше жағдай орын алып, үш жұмысшы түрлі дәрежедегі күйік жарақатын алды, деп хабарлайды Todayinfo.
Оқиға 26 мамыр күні сағат 22:30 шамасында тіркелген. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, шахтада сутегі газының шығуы салдарынан ауа ортасының қысқа уақыттық тұтануы болған.
Нәтижесінде, жабдықтарды орнату жұмыстарын жүргізіп жатқан үш кезекші электрслесарь зардап шеккен. «Қазхром» компаниясының ресми хабарламасында олардың беті мен білезік тұстары күйгені айтылған.
Зардап шеккендер жедел түрде Хромтау аудандық орталық ауруханасына жеткізілген.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы оқиғаға байланысты төмендегідей түсініктеме берді:
— Екі науқас ауыр жағдайда жансақтау бөліміне жатқызылды. Үшінші науқас травматология бөліміне қабылданып, оның жағдайы орташа ауыр деп бағалануда. Барлық науқас қажетті медициналық көмектің толық көлемін алуда және дәрігерлер бақылауында, — делінген ведомствоның мәлімдемесінде.
Компания басшылығы зардап шеккендердің туыстарымен және дәрігерлермен тұрақты байланыс орнатқанын хабарлады.
Оқиғаның нақты себебі анықталуда. Қосымша тексеріс жүргізілмек.




