Todayinfo.kz
НовостиСмотреть все материалы

«Ақын—жазушыларды күштеп сөйлетуді доғарыңдар»: Ақберен Елгезек шенеуніктерге сес көрсетті

Қазіргі қоғамда болып жатқан саяси үдерістерге байланысты ақын Ақберен Елгезек пікір білдірді. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат порталы. Ақынның айтуынша, кейбір шенеуніктер өз жобаларын өткізу үшін ақын-жазушыларды мәжбүрл

Автор Айғаным Нариманова··1 мин чтения
«Ақын—жазушыларды күштеп сөйлетуді доғарыңдар»: Ақберен Елгезек шенеуніктерге сес көрсетті
Қазіргі қоғамда болып жатқан саяси үдерістерге байланысты ақын Ақберен Елгезек пікір білдірді. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат порталы. Ақынның айтуынша, кейбір шенеуніктер өз жобаларын өткізу үшін ақын-жазушыларды мәжбүрлеп сөйлетуге тырысып отыр.
«Құрметті шенеунік мырзалар мен ханымдар! Өздеріңнің өтпей жатқан ойындарыңды жүзеге асыру үшін ақын-жазушыларды күштеп сөйлетуді доғарыңдар! Әдетте әдебиетші қауымды “сорлы, бейшарашки” деп менсінбей жүресіңдер, ал сынға ұшыраған жобаларыңа келгенде қаламгерлердің қолдауын қажет етіп қалдыңдар», – деді Ақберен Елгезек.
Оның сөзінше, бұрын әдебиетті қолдау туралы айтылған ұсыныстарға немқұрайлы қарағандар бүгін ақын-жазушыларды саяси құрал ретінде пайдалануға көшкен.
«Әдебиетті дамыту керек, рухани кемелденбеген ұлттың болашағы жоқ” деп талай рет барғанымда, миықтарыңнан күліп, шікірейіп отыратынсыңдар. Енді ақын-жазушыға қарап қалатындай не күн туды бастарыңа?» – деді ол.
Ақберен Елгезек қоғамда қызу талқыланған Мұхтар Шахановқа қатысты жағдайды да сөз етті.
«Кәрі арыстан Мұхтар аға Шахановтың жағдайын бүкіл ел көріп отыр. Оны да қинап, Конституция жобасын мақұлдатқызып қойдыңдар. Ұят қой! Осыдан кейін халық ақын-жазушыны кінәлап отырса, таңғалуға бола ма?» – деді ақын.
Ол қаламгерлерге қарсы қоғамда әдейі қысым жасалып отырғанын айтты.
«Жазушыны біреу жүндей түтіп жатқанда, қайсың араша түстіңдер? Керісінше, “айтақ-айтақ” деп, жұртты айдап салып отырғандарыңды біліп отырмын. Өздеріңе керек кезде алдап-сулап, қорқытып, шығара қоясыңдар», – деді Ақберен Елгезек.
Ақын өз басынан өткен жағдайларға да тоқталды.
«Мені барлық жерден қуып шықтыңдар. Істемегенді істедіңдер. “Цензура жоқ” деп Конституцияға жазасыңдар да, спектакльдерімді театрлардан алдырттыңдар, фильмдерімді қысыммен көрсетпей қойдыңдар. “Қара тізімдерге” енгіздіңдер», – деді ол.
Оның айтуынша, өзіне және отбасына қарсы ақпараттық шабуылдар ұйымдастырылған.
«Президентке мені жамандап, Одақтан қудыңдар, Құрылтайдан шығардыңдар. Себебі сендердің тапсырмаларыңды орындамайтын ыңғайсыз адам болдым. Бұл жазбамнан кейін де маған қарсы әрекеттер жалғасуы мүмкін. Бірақ мені Аллаға және еліме аманаттадым», – деді ақын.
Ақберен Елгезек жазушы мен ақынның қоғамдағы орны туралы ойын қорытындылады.
«Жазушы – жүрегі жұмсақ, жаны нәзік адам. Ондай болмыс біреуге ұнамауы мүмкін, бірақ Құдайға ұнайды. Жазушы ешқашан өз ұлтының тіліне қарсы шықпайды. Қазақтың сөзі – оның басты қаруы», – деді ол.
Ақын қаламгерлерді саяси ойындарға араластырмауға шақырды.
«Қаламгердің қаламын тартып алам деген талайлар өтті, өте береді. Ал қаламгердің сөзі ұлттың жүрегін мәңгі жылытады. Шенеунік келеді-кетеді, ал халық пен сөз қалады. Сондықтан аңқау ақын-жазушыларды лас саяси ойындарыңа араластырмаңдар», – деді Ақберен Елгезек.
Сондай-ақ ол қаламгер қауымға да үндеу жасады.
«Абыройларыңды ойлаңдар, аға-бауырлар. Шенеунік – уақытша. Сендердің негізгі басшыларың – әуелі Құдай, сосын қара орман халқың», – деп түйіндеді Ақберен Елгезек.

Похожие материалы

«Ақын—жазушыларды күштеп сөйлетуді доғарыңдар»: Ақберен Елгезек шенеуніктерге сес көрсетті · Todayinfo