Todayinfo.kz
ГлавноеСмотреть все материалы

«Атамекенге деген сағыныш»: қазақ елінің топырағын шетелде кеудесіне басып, жылаған жігіттің естелігі

Кеңес заманында шетелге шыққан қазақтың қос қызы Қазақстанның бір уыс топырағын өздерімен бірге тығып ала кеткен. Атамекеннің топырағын қос қыз сол кезде Түркияда студент болып жүрген жас жігітке берген. Философия ғылымдарының докторы (PhD), мәдениеттанушы, қоғам қайраткері Мұрта

Автор Айғаным Нариманова··8 мин чтения
«Атамекенге деген сағыныш»: қазақ елінің топырағын шетелде кеудесіне басып, жылаған жігіттің естелігі
Кеңес заманында шетелге шыққан қазақтың қос қызы Қазақстанның бір уыс топырағын өздерімен бірге тығып ала кеткен. Атамекеннің топырағын қос қыз сол кезде Түркияда студент болып жүрген жас жігітке берген. Философия ғылымдарының докторы (PhD), мәдениеттанушы, қоғам қайраткері Мұртаза Жүнісұлы БҰЛҰТАЙ ерекше әсерлі естелікпен бөлісті. Әлгі топырақты шетелде тұратын талай қазақ кеуделеріне басып, жылаған, деп жазады Todayinfo.kz агенттігі. Тәрибелік мәнге ие естеліктің мәтіні қаз-қалпында: 
1988 жыл, Стамбул, ол кезде әйгілі Босфор университетінде оқып жүрген кезім....
Алтай ауылынан 1972 жылы Анкараға көшіп келгенбіз, содан бері Анкарада тұрамыз. 4-5 млн халқы бар Түркияның астанасында 4-5 үй қазақ тұрдық. Бір аулада көршілес үйлерде тұрғандықтан әдет-салтымызды, тілімізді сақтауға тырыстық, әрине оңай емес...
Стамбулға университетке оқуға келгенімде жатақханадан орын берген жоқ, ешбір стипендия да ала алмадым. Бірнеше қоғамдық қорларға, ұйымдарға барып арызданғаныммен, ешбір тамыр таныс болмағандықтан ба екен. Басында қатты қиналдым, бір жарым жылдай туыстардың үйінде, апайларымның қасында болдым. Қалта тесік, ешбір табыс жоқ, ата-анамның көмектесетін жағдайы да болмады, сондықтан бірнеше жерде қатар жұмыс істеп тұруыма тура келді. Кейінірек қоғам қайраткері Қызырбек Ғайратулла ағатайым көмектесіп, бір медресеге ақысыз орналастырып беріп еді, ол жерде де бір жылдай тұрдым.
Стамбулда атақты «Жабық базар» (Kapalıçarşı) деген тарихи базар бар көне қаланың дәл ортасында. Бұл базарды Стамбулды жаулап алған ІІ Мехмед падишаһ 1460 жылы салдырған екен, ішінде 4 мыңнан астам дүкен бар. Адам көп болған күндері жарты миллиондай адам сыйып кетеді екен. Осы Жабық базардағы тері сумка сататын бір кішігірім дүкенге жұмысқа тұрдым, сатушымын. Сабақтан қолым босаған уақыттарда келіп, жарты күн де болса жұмыс істеймін. Кешке ағылшынша бір журналдың мәтіндерін аударып, өзімнің шығындарымды төлеп, сонымен қатар Анкарадағы ата-анама да тиын-тебен жіберіп тұрушы едім.
Жабық базарға әлемнің барлық елдерінен туристер келетұғын. Мен Советтік Қазақстанның қазақтарын алғаш рет осы базарда жолықтырдым. Ол кезде қазаққа деген сағыныш, атамекенімізге деген ерекше бір іңкәр сезім бар еді, Совет Одағы шекарасы жабық, о жақтағы қазақтар қандай екен, қалай өмір сүреді екен дегеннің бәрі өте қызықты еді мен үшін. Совет Одағының Одесса деген портынан алып алып кемелер келетұғын Стамбул портына. Ішінде 2-3 мың жолаушысы бар осы дәу кемелер Қаратеңізді кесе өтіп, Стамбулға келіп тоқтайтын бірнеше күнге. Осы бірнеше күнде жолаушыларды автобустармен әкеліп, күндізгі уақытта қаланың тарихи орындары мен осы Жабық базарды көрсететұғын. Әлгі 2-3 мың жолаушының ішінде көп болса 2-3 ғана қазақ болатұғын. Стамбулдан кейін олар Греция, Ливан, Италия сияқты елдерді аралап Совет жеріне қайтып баратын....
Совет одағында Интурист және Спутник деген туризммен шұғылданатын фирмалар бар еді. Әрине, ол кезде әркім шетелге шыға алмайды ғой. Сонсоң Совет елінің қаржы-валюта заңы қатал, тірі ақшадан 100 долларға жетер жетпес ақшаға ғана рұқсат етілген. Онымен не алсын? Әйтеуір, Совет одағынан келген туристер осы жағынан қатты қиналушы еді. Еуропа, Ақыш сияқты елдерден келген туристерге зат сатқанда қиналмайсың, бірақ Советтен келген туристерде ақша жоқ. Менің байқағаным ол кезде дубленка, тері тон, ішік, джинсы, колготки сияқты тауарларды алғысы келетін еді советтен келген туристер, осы өнімдер о жақта жоқ, тапшы деп айтатұғын. Қалтада ақша жоқ, енді не істейді? Дүрбі, қалбырдағы уылдырық, қолшатыр, трансисторлы радио, матрушка, ақ арақ сияқты өз елдерінде оңайшылықпен табылатын тауарлардан рұқсат етілгенінше өздерімен алып келіп, осы Жабық базардағы сондай тауарларды сатып алатын дүкендерге апарып, арзан бағаға сатып беретін еді. Содан жиналған ақшаға жаңағындай киім-кешек, ол-пұл заттар алатұғын...
Бір күні мен істейтін дүкенге қарама қарсы дүкенге екі жас қыз келіп кірді, жастары менен 5-6 жас үлкен сияқты, түрлерінен қазақ екендерін бірден білдім, Қазақстаннан келгендері көзге ұрып тұрды. Жабық базардағы дүкендерде орысша жақсы білетіндіктен Бұлғариядан көшіп келген түріктерді жұмысқа алатын, ал мен ол кезде орысша бір ауыз да білмегем. Қарасам әлгі екі қыз қарсы дүкендегі джинсы шалбар, көйлектерді көрсетіп, қолдарындағы ақша жетпеген соң қиналып тұр екен. Біразға дейін қарап тұрдым, бірақ шыдамай әлгі дүкенге кіріп кеттім. «Сіздер қазақсыздар ма?» деп сұрадым әлгілерге қарап. Осының алдында да Қазақстаннан келген туристерді көрген жерімнен бас салып амандасып, қазақсың ба дегенде, еш жауап берместен теріс бұрылып кететіндерін көріп, ренжіп жүрген жағдайым бар еді. Өйткені ол кезде олар КГБ-дан қорқатын, біреу-міреу көріп қалса бұл шетелдің қазағымен не сөйлеп жатыр деген қорқыныш. Әміре Қашаубаевтың Парижде жүргенде Мұстафа Шоқайды көруі артынан өзіне қандай тауқымет болды, сол сияқты. Көбісі теріс бұрылып кетеді, жауап қатпайды, кейбірі орысша жауап береді, оны мен ұқпаймын. Әйтеуір, ілуде біреуі ғана жөнді сөйлесіп, ақтарылатұғын...
Мына екі қыз қайтер екен деп тұрмын, екеуі де бір ауыз қазақша білмейтін болып шықты. Әлгі дүкендегі түрік сатушы аудармашы болып, бірімізді біріміз ұға бастадық. Алматыдан келген әпекелі-сіңлілі қыздар екен, есімдері Әнел мен Зухра екен. Мен алатын заттарын алғызып, жетпеген ақшасын өзім бердім. Базардың ішіндегі бір ашханаға апарып, жеңіл ауқаттандық. Сонсоң олар қоштасып, портқа кетіп қалды.
Бірсүгүні дүкенде жұмыстап тұрғанымда әлгі екі қазақ қыз қайта көрінді. Маған келіп, сумкасынан бір газетке оралған түйіншік бері жатыр. Бұл не десем «Алматыда кәрі апамыз бар. Сендер Түркияға бара жатырсыңдар қарақтарым, о жақта қазақтар болуы мүмкін. Егер қазақ көрсеңдер мына бір уыс топырақты апарып беріңдер, отанын сағынып жүрген шығар!» деп айтқан екен деп әлгі аудармашы жігіт арқылы жеткізді. Бір түрлі болып қалдым, денем шымырлап кетті, әлгі төрт бұрыш газет қолымда тұр, жүрегімнің соғысы жиілеп кетті, көзімнен моншақтап жастың қалай кеткенін байқамай да қалдым. Дәл осы жолдарды жазып жатқанымда тура сол бір сәттер көз алдыма келіп, тебіреніп тұрмын...
Қазақстанның топырағын кеудеме салдым да кешке Зейтинбұрны деген қазақтар шоғырланып тұратын махаллаға келдім, әкемнің немерелес ағасы марқұм Дәкібай атамның әйелі Қадиша апама бардым. Дәкібай атам 1912 жылы Алтай аймағы, Шұңқыр қыстағында дүниеге келген, әкемнің немерелес ағасы еді, жас кезінде жауырыны жерге тимеген балуан болған екен, ұзын бойлы, ірі денелі, қарулы адам болғандықтан біз о кісіні «Түйата» (түйе + ата) деуші ек. Жас кезінде ешбір қызды ұнатпай осы марқұм Қадиша апамызды жақсы көріп алып, бұл туралы үлкен кісілер кәдімгі Қызжібек пен Төлегеннің жырындай атушы еді. Қадиша апам 1922 жылы туған, әкесінің аты Қасен (Ителі руынан), ескіше тәрбиеленген, қазақтың көне жырларын жатқа айтатын, қара өлеңді жақсы білетін, кәдімгі суырып салма, шешен кісі еді. Төс қалтамда Қазақстанның топырағы бар түйіншікті Қадиша апама бердім. Жасы жетпісті алқымдап қалған апам екі қолын жайып, ықылас батасын беріп, әлгі қапшықты үш рет сүйіп, топырақты жастығының астына салды. Жарықтық тиын-тебендерін ылғи да кілемнің, көрпенің астына тығып қоятын әдеті бар еді, бірақ мына елдің бір уыс топырағын өзінің жер төсегінің жастығының астына қойды. Тағдырдың неше тұрлі жауабын таппайтын сұрақтары бар ғой, осы Қадиша апам Қазақстан тәуелсіздік алған соң 1996 жылдары Павлодарға көшіп келіп, бірнеше жыл тұрған соң сол жерде қайтыс болып, Қазақстанның топырағы бұйырды! Ырым дейміз бе не дейміз енді, мүмкін сол Алматыдағы қарияның берген бір уыс топырағы менің Қадиша апамды атамекеніне тартқан шығар...
Бірді айтып бірге кетіп жатырмын, бірақ мен сол кездегі қазақша бір ауыз білмесе де патриоттық сезімі бойынан көрініп тұрған Әнел мен Зухраны еріксіз еске алып отырмын бүгін. Совет империясында өмір сүріп, өзінің қазақ екенін ұмытпаған, орысша тәрбиеленсе де, әйтеуір жан дүниесінде қазақтығы, қазаққа деген махаббаты өшпеген Әнел мен Зухра, қайдасыңдар?!? Ал біз қазіргі азаттық дәуірінде осындай патриот жастарды өсіріп жатырмыз ба, ұлттық сананы ояту, тәуелсіздікті баянды ету үшін лайықты шаруалар жасалып жатыр ма?! Кеше Астанада тыр жалаңаш жүрген қазақ қыздары, бүгін қытай жігіттеріне тиеміз дейтіндер, ертең тағы қандай сұмдық хабар естиміз деп, жанымыз түршігіп, есіміз шығатын халге жеттік. Біздің өзіміз енді міне жігіт ағасы жасына келдік, бәрібір бұдан кейін орыс та қытай да болмаспыз, осы қалпымызбен өмірден өтеміз ғой. Жә, бізден кейінгі ұрпақтар кім болмақ, қалай өмір сүрмек, мені соңғы кездері мазалап жатқан сұрақ осы...
СУРЕТТЕР:
1-) Дәкібай Қыранбайұлы атам мен Қадиша Қасенқызы апамның Түркияға көшіп келгендегі суреті, 1954 жыл.
2-) Қадиша апам Анкарадағы біздің үйде қонақта отырғанда, 1992 жыл.
3-) Жабық базарда мен істеген сумка сататын дүкен.
Авторы: Мұртаза Жүнісұлы БҰЛҰТАЙ, философия ғылымдарының докторы (PhD), мәдениеттанушы, қоғам қайраткері

Похожие материалы

«Атамекенге деген сағыныш»: қазақ елінің топырағын шетелде кеудесіне басып, жылаған жігіттің естелігі · Todayinfo