Атырау қаласы әкімінің міндетін атқарушы Тілек Махуов пара алды деген күдікпен ұсталды. Бұл туралы Kozachkov.offside Telegram арнасы хабарлады.
Дереккөздің мәліметінше, шенеунік Атырау қаласының кәріз желілерін күрделі жөндеу жобасына өзгерістер енгізуге мүдделі компаниядан 100 млн теңге алған болуы мүмкін. Ақша аталған нысанда қосалқы мердігер ретінде жұмыс істеген делдал арқылы берілген деген болжам бар.
Қылмыстық іс материалдарында еліміздегі су шаруашылығы саласындағы ірі компаниялардың бірі саналатын «Сапа Құрылыс 2007» ЖШС басшылығының да аты аталады. Мәліметке сәйкес, компания өткен жылы бюджетке 2,5 млрд теңгеден астам салық төлеген.
49 жастағы Тілек Махуов әкімнің міндетін атқарушы қызметіне дейін Атырау қаласы әкімінің орынбасары болған. Бұған дейін қалалық құрылыс басқармасын басқарған.
Дереккөздің мәліметінше, істі Атырау облысы бойынша ҰҚКД Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі облыстық прокуратурамен бірлесіп тергеп жатыр.




