Журналист Жанат Бақыт әлеуметтік желідегі жазбасында ауыр науқастың өмірден өтер алдындағы ішкі күйін сипаттап, бұл үдерістің терең рухани мағынасы бар екенін атап өтті. Ол әкесінің ауыр дертпен күрескен жылдарын еске алып, сол кездерде рухани дүниені түсінбегенін, бірақ кейін бұл оқиғаға көзқарасы өзгергенін жеткізді, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі.
Жанат Бақыт өзінің Instagram парақшасында әкесінің өмірінің соңғы кезеңін еске алды. Әкесінің пайғамбар жасына дейін ауырмағанын, бірақ 63 жасқа жақындағанда денсаулығы күрт нашарлағанын айтты. Жүрекке жасалған операциядан кейін өкпесі сыр беріп, бірнеше жыл бойы ауыр жағдайда өмір сүрген.Журналист аурудың мәнін уақыт өте келе түсіне бастағанын айтады. Оның айтуынша, бұл — рухани тұрғыда жанның өткен өміріндегі шешілмеген мәселелермен қоштасып, кешірім мен тыныштық табу сәті.«Қысқасы, жүрек пен өкпе екі жақтан кезекпен ауырып айналдырған ауру 2-3 жылда әкемді алып тынды. Бірақ осы санаулы жыл әкем үшін ғасырдан ұзақ болғаны белгілі», — деп жазады журналист.
Ол ауырған адамға тек аянышпен қарамай, оның жан дүниесіне шынайы тілек тілеп, рухани қолдау көрсету маңызды екенін баса айтады. Дерт арқылы жан кармалық түйіндерден тазарса, ол «Барзақ әлеміне» жарық бейнеде өтеді.«Ауру — бұл жазалау емес. Ол — жанның кетер алдындағы соңғы тазаруы. Рух өткен өміріндегі шешілмеген түйіндерді шешіп, кешірім сұрамаған сәттерді босатып, таза күйде кетуге дайындалады», — деп түсіндіреді Жанат Бақыт.
«Ауыру арқылы кармасын өтеп әбден таза кеткен Жан, “Барзақ әлеміне” періште сипатты жарқырап таза кіреді», — дейді журналист.




