Көпшілікке "Хан" деген атпен белгілі асаба, тамада Қасым Өтешев әкімшілік қамауға алынды. Ол 10 тәулікке қамалған, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Мәліметке сүйенсек, мұндай шешім оның жұбайы Алмаға қатысты шығарылған қорғаныс нұсқамасының талаптарын бұзуына байланысты қабылданған.
Бұған дейін, мамыр айының ортасында полиция Қасым Өтешевке әйеліне жақындауға және онымен байланыс орнатуға тыйым салатын қорғаныс нұсқамасын берген. Алайда бірнеше күннен кейін ол жұбайының үйіне барғаны айтылады.
Сол жерде ерлі-зайыпты арасында жанжал шыққан. Оқиғаға куә болған құрбысының айтуынша, әңгіме көп ұзамай дау-дамайға ұласып, тараптар бір-біріне ауыр сөздер айтқан.
Осы жағдайдан кейін әлеуметтік желіде қызу талқыланған отбасылық мәселе әкімшілік іске айналды. Қорғаныс нұсқамасын бұзғаны үшін Қасым Өтешевке 10 тәулік әкімшілік қамау жазасы тағайындалды.
Ақпаратқа қарағанда, тамада жақын күндері бостандыққа шығуы мүмкін.




