Todayinfo.kz
НовостиСмотреть все материалы

Бензин тапшылығы бола ма? Роман Скляр жанармай нарығындағы жағдайды айтты

Үкімет жанармай нарығын қатаң бақылауға алды. ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр ішкі нарықты отынмен қамту және заңсыз экспортты тоқтату мәселесі бойынша арнайы кеңес өткізді. Елімізде бензин мен дизель қоры жеткілікті ме және «көлеңкелі» саудамен күрес қалай

Автор Мейіржан Әуелханұлы··2 мин чтения
Бензин тапшылығы бола ма? Роман Скляр жанармай нарығындағы жағдайды айтты

Үкімет жанармай нарығын қатаң бақылауға алды. ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр ішкі нарықты отынмен қамту және заңсыз экспортты тоқтату мәселесі бойынша арнайы кеңес өткізді. Елімізде бензин мен дизель қоры жеткілікті ме және «көлеңкелі» саудамен күрес қалай жүріп жатыр?

Энергетика министрлігінің хабарлауынша, қазіргі таңда жағдай тұрақты. Ірі мұнай өңдеу зауыттары штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Елдегі жанар-жағармай қоры ішкі сұранысты толық өтеуге қауқарлы. Дегенмен, басты мәселе – отынды елден заңсыз шығару әрекеттерінің тыйылмауында болып тұр.

Контрабанда және заңсыз өзгертілген көліктер

Мемлекеттік органдар бірлесіп, «көлеңкелі» нарыққа қарсы ауқымды жұмыс жүргізуде. Жыл басынан бері кеденшілер мен шекара қызметкерлері жанармайды заңсыз алып өтпек болған 836 әрекеттің жолын кесті.

Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, мұнай өнімдерінің заңсыз айналымы 19 млрд теңгеге жеткен. Биылдың өзінде 22 қылмыстық іс қозғалып, контрабандамен айналысқан ұйымдасқан топтардың қызметі тоқтатылды. Шекара маңындағы аумақтарда мобильді топтар тұрақты түрде рейд жүргізіп жатыр.

Қарапайым жүргізушілер де назардан тыс қалмады. Ішкі істер министрлігі көліктеріне рұқсатсыз қосымша бак орнатып алған 3 334 жүргізушіні жауапқа тартты. Олардың ішінде:

  • Газ баллонын заңсыз орнатқандар – 2 933;

  • Бензин багын өзгерткендер – 293;

  • Дизельге арналған қосымша бак қойғандар – 108.

Цифрлық бақылау күшейеді

Жиында мұнай базаларының жұмысын цифрландыру мәселесі өткір көтерілді. Енді жанармайдың қайдан келіп, қайда кеткенін бақылау күшейтілмек. Көптеген базалар заманауи есептеу жүйелеріне көшкенімен, әлі де "ескіше" жұмыс істейтіндер бар.

Үкімет арнайы заңнамалық түзетулер дайындады. Егер мұнай базасында есепке алу құрылғылары болмаса, олар жауапкершілікке тартылады. Бұл жүйе мұнай өңдеу зауытынан бастап, көлік багына құйылғанға дейінгі барлық тізбекті ашық көрсетуге мүмкіндік береді.

Роман Склярдың айтуынша, қабылданып жатқан шаралардың барлығы алдымен Қазақстан халқының мүддесін қорғауға бағытталған. Құқық қорғау органдарына нарықты бақылауды одан әрі қатаңдату тапсырылды.

Похожие материалы

Бензин тапшылығы бола ма? Роман Скляр жанармай нарығындағы жағдайды айтты · Todayinfo