Астанада «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының бұрынғы басқарма төрағасы Асқар Мұратұлына және оған сыбайлас кәсіпкерге қатысты сот үкімі шықты. Олар аса ірі көлемде бөтеннің мүлкін жымқыру бойынша кінәлі деп танылды. Бұл туралы Todayinfo ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: qaj.kz
Қылмыстық істің мән-жайы
Тергеу барысында анықталғандай, Асқар Мұратұлы және тағы бір айыпталушы кәсіпкер Ж. қызмет бабын пайдалана отырып, мемлекет қаржысын мақсатсыз жымқырған. Олардың арасындағы байланыс 2000-жылдардан басталған.- 2017-2019 жылдары Асқар Мұратұлы Ақмола облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасын басқарған.
- 2019-2021 жылдары Ақмола облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған.
Келісімшарт пен заңсыз шешімдер
2019 жылы «ҚазАвтоЖол» Ақмола филиалы мен «Асыл-ЖАС» ЖШС арасында көпірді жөндеу үшін 2,2 миллиард теңге көлемінде келісімшарт жасалды. Алайда қаржы мердігерге аударылмағандықтан, бұл келісім кейінірек бұзылды. 2021 жылы Асқар Мұратұлы «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы болып тағайындалғаннан кейін, ол дәл осы «Асыл-ЖАС» компаниясымен жаңа келісімшартты бір көзден сатып алу тәсілімен жасауды бастамашылық еткен. Сот деректеріне сәйкес, бұл шешім негізсіз және заңсыз қабылданған. 2021 жылдың қазан айында келісімшарт жасалғаннан кейін, 200 миллион теңге көлеміндегі аванс «Асыл-ЖАС» компаниясының есепшотына аударылған. Тергеу бұл қаражаттың мақсатсыз жұмсалғанын және айыпталушылар тарапынан жымқырылғанын анықтады.Сот үкімі
Сот Асқар Мұратұлы мен кәсіпкер Ж.-ны кінәлі деп тауып, мынандай үкім шығарды:- Асқар Мұратұлы – 8 жылға бас бостандығынан айыру, мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда лауазымды қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыру.
- Кәсіпкер Ж. – 8 жылға бас бостандығынан айыру, мүлкін тәркілеу және коммерциялық ұйымдарда басшылық қызмет атқару құқығынан 10 жылға шектеу.




