Қоғам белсендісі Тортуыл Шоқан соңғы күндері әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатқан Мұхтар Жәкішевтің қызының ұзатылуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.

Оның айтуынша, бұл тақырыптың кеңінен талқылануының басты себебі – қоғам назарын аударатын өзге маңызды тақырыптардың аздығы.

«Қазір басқа бір өзекті мәселе шықса, Жәкішевтің қызы туралы әңгіме бірден саябырсиды. Бұл талқылаудың тым ұзаққа созылуы қоғамның өзі қызығып отырғанынан», – деді ол.

Тортуыл Шоқан қазақ қыздарының өзге ұлт өкілдеріне тұрмысқа шығуының бірнеше себебі болуы мүмкін екенін атап өтті.

Оның пікірінше, мұндай таңдауға шетелде өсу немесе ұзақ уақыт елден тыс жерде өмір сүру салдарынан құндылықтардың өзгеруі әсер етуі мүмкін. Сондай-ақ кейбір қыздар қазақ қоғамынан немесе қазақ жігіттерінен көңілі қалып, саналы түрде өзге ұлт өкілдерін таңдауы ықтимал.

«Материалдық жағдай да рөл ойнауы мүмкін. Кейбіреулер қаржылық тұрақтылық пен жайлы өмірді басты орынға қояды. Ал енді біреулер үшін экзотика мен романтика маңызды болуы мүмкін», – деді қоғам белсендісі.

Сонымен қатар ол қазақ жігіттерінің қазіргі өмір салтына қатысты да сыни пікір білдірді.

«Қазақ қыздарының таңдауы туралы айтпас бұрын, қазақ жігіттерінің өзіне де қарау керек. Қоғамда жастардың бір бөлігі спортпен, түрлі ойын-сауықпен немесе күнделікті тұрмыстық мәселелермен ғана шектеліп қалып жатыр», – деп жазды ол.

Тортуыл Шоқанның сөзінше, әр адамның өмірлік серігін таңдау құқығы бар және ешкімді белгілі бір ұлт өкілімен ғана отбасын құруға мәжбүрлеуге болмайды.

«Кез келген қазақ қызына "міндетті түрде қазаққа тұрмысқа шығуың керек" деп айту дұрыс емес. Әр адам өз таңдауын өзі жасайды», – деді белсенді.

Ол қоғам назарын жекелеген оқиғаларға емес, болашақ ұрпақ тәрбиесіне аудару қажет екенін айтты.

«Басты мәселе – балаларға дұрыс тәрбие беру. Отбасы мен қоғам ұлттық құндылықтарды, тілге, елге және жерге деген құрметті сіңіре білуі керек. Болашақта осы құндылықтарды бағалайтын ұрпақ тәрбиелеуге басымдық берген жөн», – деп түйіндеді Тортуыл Шоқан.