2026 жылдың 1 ақпанынан бастап Қазақстан ЖОО-ларының студенттері әскери кафедраға оқуға түсу үшін өтінімді eGov.kz порталы арқылы тапсыра алады. Бұл жаңашылдық құжат тапсыру үдерісін едәуір жеңілдетеді, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Өтінімдерді қабылдау сол жылдың 30 қыркүйегіне дейін жалғасады. Әскери кафедрада оқуын сәтті аяқтаған студент негізгі білімінен қол үзбей, «запастағы лейтенант» немесе «запастағы кіші сержант» әскери шенін иеленеді.
Жаңа қызметті пайдалану үшін eGov.kz порталында авторизациядан өтіп, «Азаматтарға» – «Әскери есеп және қауіпсіздік» – «Әскери қызмет» бөліміне өту қажет. Содан кейін тиісті қызметті таңдап, жеке деректерді, қалаған әскери кафедра мен дайындық бағдарламасын көрсететін электронды форманы толтырып, оны электрондық цифрлық қолтаңбамен (ЭЦҚ) растау керек.
Жүйе студент туралы қажетті мәліметтерді мемлекеттік дерекқордан автоматты түрде тексереді. Олардың қатарында соттылығының бар-жоғы, мүгедектік туралы ақпарат, сондай-ақ психоневрологиялық, наркологиялық және туберкулезге қарсы диспансерлерде есепте тұрмайтыны туралы деректер бар.
Фото: Әлеуметтік желіден




