Todayinfo.kz
г. ТуркестанСмотреть все материалы

Халықаралық дәрігерлер күні: Түркістан алтын қолды дәрігерлер мекені

Түркістан жерінде Алтын қолды абзал жандар көп Жыл сайын қазан айының бірінші дүйсенбісі күні әлемнің көптеген елінде Халықаралық дәрігерлер күнін атап өтеді. Бұл күн әлемдегі барлық дәрігердің белсенді әрекеті мен тілектестік күні ретінде саналады. Қай ұлттың дәрігері болсын, он

Автор Мейіржан Әуелханұлы··6 мин чтения
Халықаралық дәрігерлер күні: Түркістан алтын қолды дәрігерлер мекені
Түркістан жерінде Алтын қолды абзал жандар көп Жыл сайын қазан айының бірінші дүйсенбісі күні әлемнің көптеген елінде Халықаралық дәрігерлер күнін атап өтеді. Бұл күн әлемдегі барлық дәрігердің белсенді әрекеті мен тілектестік күні ретінде саналады. Қай ұлттың дәрігері болсын, оның басты мақсаты – науқастардың денсаулығын сақтау және жақсарту болып табылады. Қазақстанда бүгінгі таңда 270 мыңнан астам медицина қызметкері жұмыс істейді. Олардың ішінде 80 мыңнан астам дәрігер және 190 мың орта медициналық қызметкерлер бар. Күн сайын олар жүздеген мың қабылдау жүргізеді, миллиондаған жедел жәрдем шақыртуларын тіркейді, мыңдаған күрделі операция жасайды және сәбилердің аман-есен дүниеге келуіне көмектеседі. Осы орайда алпыс жылдық тарихы бар Түркістан қалалық орталық ауруханасы жайлы сөз қозғамақпыз. Киелі шаһардағы емдеу орындарының қарашаңырағы - Түркістан қалалық орталық ауруханасы бұрынғы қала орталығындағы әуелі аудандық, кейін қалалық болған аурухана қаншама өзгерістерді, тарихи кезеңдерді бастан кешірді. Мыңдаған адамның өміріне дәнекер болды. Қаншама білікті мамандар адам өмірін қорғау жолында білімі мен білігін сарп етті. Сондықтан да Сұлтанбек Қожанов көшесіндегі көне аурухана көзге ыстық, көңілге жақын. Бұрынғы көзкөргендер үшін бұл ғимараттың әрбір кірпіші сөйлеп тұрғандай. Дегенмен, алға басқан заман ағымына сай әрбір сала дамып, өркендеп келеді. Солардың қатарында Түркістан қалалық орталық ауруханасының жаңа ғимаратқа көшіп, модульді емдеу орнына айналып, жаңаша үлгіде жұмыс атқарып жатқанына да үш жылдың жүзі болды. Емдеу мекемесінің тек мекен-жайы жақсарып қана қойған жоқ, материалдық-техникалық базасы нығайып, жоғары емдеу технологияларына да қол жеткізілді. Бұрын Түркістан ғана емес, тіпті облыс аумағында да жасалмаған ем түрлері қолданысқа еніп, жергілікті халықты қуанышқа бөлеп отыр. Бұл туралы Түркістан қалалық орталық ауруханасының бас дәрігері, терапевт-профпатолог Берденов Бекзат Тұрғанәліұлы атап өтті.
«Аурухана өте жоғары деңгейге көтерілді. Мақтансам болады. Мемлекет тарапынан денсаулық сақтау саласына жасалып жатқан қамқорлықтардың, білікті мамандардың, жұдырықтай жұмылған ұжымның арқасында керемет жетістіктерге жеттік. Осыдан біршама уақыт бұрын Түркістанда осындай жаңалықтар болады десе, сенер ме едік?! Қаншама күрделі операциялар жасалып жатыр?! Өзіңіз ойлаңызшы, құлағы мүлде естімейтін адамдарға есту қабілетін орнына келтіріп жатырмыз. Технология күннен-күнге дамып келе жатыр. Алла тағала біз арқылы шипа беріп жатыр науқастарға. Бұрынғыдай жылдап, айлап кезекке тұрып, республика деңгейінде портал күтпейді, бізге келіп емделеді. Аяғының буынын ауыстырады. Жүрекке операция жасайды. Бізге келеді мына тұрған жерден. Біз оларға операция жасаймыз жүрекке. Жүрек қайтып соғып жұмыс істеп кетеді. Керемет емес пе?» – дейді бас дәрігер.
Егер өткен жылғы көрсеткіштердің есебіне қысқаша тоқталсақ, 2023-жылы мұнда 17084 сырқат тәуліктік стационар бойынша ем алған. Соның ішінде шұғыл жағдайда түскендері – 8793 болса, жоспарлы түрде – 10656 науқас дәрігер көмегіне жүгінген. Стационар алмастырушы, яғни күндізгі стационар бойынша – 1789 сырқат емделсе, 307 науқас реабилитациялық, 172 сырқат паллиативті көмекке жүгінген. Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Мархабайұлы Байдуалиев ұжыммен кездесу барысында қала тұрғындарына қолжетімді және сапалы стационарлық медициналық көмекті арттыру мәселесін алға қойған болатын. Мекеменің медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілуіне де баса назар аударған еді. Жаңа ғимарат мүмкіндіктерді көбейтті Түркістан қаласы облыс орталығы атанғалы бері тұрғындардың тұрмыс сапасы да біртіндеп жақсарып келеді. Соның ішінде 220 мыңнан астам тұрғыны бар шаһарда медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігі артқанын анық аңғаруға болады. Әсіресе, күрделі оталарды жасату үшін бұрындары берісі Шымкентке, арысы Алматы мен Астанаға сабылатын түркістандықтар қазір өз қаласында емделіп, дертіне шипа тауып жатыр. Оған Түркістан қалалық орталық ауруханасы үлкен үлес қосып келеді. Бүгінде Түркістан қалалық орталық ауруханасында көптеген іс-шара атқарылып жатыр. Денсаулық сақтау саласы басты назарда ұстап отырған «Жүз қадам» атты ұлттық жобаны негізге, басшылыққа алып, соның аясында үш жүз-төрт жүз мыңдай халыққа денсаулық сақтау саласындағы қызметтер көрсетілуде. Аталған қызмет түрлеріне денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік қызмет, стационарлық көмек, дәрігерге дейінгі көмек, консультативті-диагностикалық көмек, паллиативті көмек түрлері кіреді. Сонымен қатар күндізгі стационар, травматологиялық пункт жұмыс істейді. Аурухана құрамында он бес бөлімше бар. Хирургиялық-терапиялық бөлімшелерде күніне жиырмадан отызға дейін ота жасалады. Сонымен қатар, жоспарлы түрде келетін науқастарға, шұғыл келетін науқастарға ота жасалады. Бүгінде аурухана базасына түрлі технологиялар енгізілуде.
«Біздің негізгі мақсатымыз – бір орында тұрмау, ары қарай осы саланы дамыту. Осыған орай медицина саласындағы заманауи технологияларды енгіздік және ол өз жемісін беріп отыр. Арыға бармай-ақ, соңғы екі жылдың көлемін алатын болсақ, қарапайым тілмен айтқанда, республикалық деңгейдегі, жоғары технологиялық оталарды, арнайы мамандандырылған оталарды, бір сөзбен айтқанда, өңірлердегі оталардың түрлі саладағы барлық түрлерін жасап жатырмыз десем артық айтқандық емес. Мысалы жүрек саласын алайық. Бұл жобаны, яғни жүрек қызметін нақты жолға қойғанымызға алты ай болса, осы уақыт аралығында жүрекке бес жүзге жуық сәтті оталар жасалды. Оторинолорингология саласында құлаққа, мұрынға оталар жасап жатырмыз. Жоғары технологиялы оталар бар ішінде. Осы орайда, түрлі жағдайлар болып тұрады ота жасалғаннан кейін. Құлағы мүлдем естімейтін науқас құлағы естіп кеткенде, бала-шағасының үнін алғаш рет естігенде түрлі күйге түседі. Тірек-буын саласына да тоқталып өтейін. Тірек-буын аурулары, түрлі аурулардың салдарынан әсіресе, ковидтен кейін ұршықтың никрозы – тізе буыны, жамбас буыны аурулары жиілеп кетті. Бұл ауруларға ота жасауды жыл басында ғана қолға алдық. Ұзақ уақыт бойы жоспарлап жүргенбіз. Міне, осы сала бойынша жыл басынан бері он шақты адамның буынын ауыстырдық. Адамның буынын басқа буынға ауыстырамыз. Америкалық және қытайлық екі түрлі өндірушілер бар. Бәрі де сәтті шықты. Сондай-ақ жақ-бет хирургиясы бөлімінде көбінесе, балаларға ота жасалады. Балаларда туа біткен түрлі аномалиялар, яғни, туа біткен ақаулар немесе сыртқы факторлардың әсерінен бет-сүйектері, жағы сынып, жарақат алған балалар бар. Осындай науқастарға пластикалық оталар жасаймыз. Әдетте айына он – жиырма ота жасалады. Сонда жылына қанша ота жасалатынын есептей беріңіз. Урология саласында да жетістігіміз көп. Несеп-зәр жүйесінде несеп-тас аурулары, туа біткен ақаулар да бар, стриктура, гидролейкоз-гидронефрозбен келген науқастарға стент қояды. Терапия бөлімінде емнің барлық түрлері бар. Офтальмологиялық, микрохирургиялық бөлімшелер де озық технологиямен жұмыс жүргізеді. Мұнда көзге де ота жасалады. Линза қойылады. Бүгінгі жеткен жетістіктерімізді бір сөзбен немесе бір сұхбаттың көлемінде жеткізу мүмкін емес. Ең бастысы, Түркістан халқы үшін денсаулық сақтау саласында бүгінгі таңда жасалып жатқан медициналық жетістіктер ұшан-теңіз. Бұрын республикаға, өзге де өңірлерге барып алатын көмекті таяқ тастам, қол созым жерде алудың маңызы зор. Біз соған қуанамыз. Адамдарға осындай қуаныш сыйлай алғанымызға қуанамыз» - дейді бас дәрігер Бекзат Тұрғанәліұлы.
Ауруханадағы кадр мәселесін шешу жолдары қандай? Ауруханада жалпы алты жүзге жуық адам жұмыс жасайды. Шамамен, оның 120-130-ы дәрігерлер. Дәрігер мамандарымыздың бәрі білікті. Олардың арасында келісім-шартпен сырттан келіп жұмыс жасап жатқан дәрігерлер де бар. Ең бастысы, бұл саланы дамытатын байлығымыз – ол білікті маман кадрлар, соның ішінде дәрігерлердің алатын орны ерекше. Сондықтан дәрігерлерге жағдай жасалған.
«Қарапайым айлықтан бастап, басқа да тұрмыстық жағдайлар жасап отырмыз. Мәселен, жоғарыда айтып өткен жобаға байланысты бағдарламамен келген төрт дәрігерімізді үймен қамтамасыз еттік. Жалпы менің принципім, жұмысты талап етпес бұрын қызметкерлерге әлеуметтік-тұрмыстық жағдай жасау керек. Сонда күнделікті тұрмысы жақсы қызметкер ештеңеге алаңдамай жақсы жұмыс істейді. Мәселен, ол жалақы болуы мүмкін. Қарым-қатынас болуы мүмкін. Психологиялық жағдайды бәрін байқап, агрессиялық түрлі факторлар болса жойып, жақсы жұмыс істеуге жағдай жасағанда, нәтижесі де оң болмақ. Сонда жоғары нәтиже болады. Жалпы бүгінгі таңда ауруханамызда еңбек етіп жүрген маман кадрларымыздың қай-қайсысы болсын өз ісіне шын берілген жандар. Өз істерінің маманы. Бұл өмірдегі басты байлық – адамдар денсаулығы. Біздің қолымызға ең қымбат – адам өмірі сеніп тапсырылып отыр. Сондықтан да әрбір дәрігер осы жауапкершілікті сезіне отырып жұмыс жасайды. Осындай таңдаулы дәрігерлеріміздің бірқатарын атап өтетін болсам, іскер, білікті орынбасарларым, тек облысқа ғана емес, өз біліктілігімен республикаға танымал өте мықты жетекші маман, құлақ-мұрын дәрігері Қонысова Гүлжан Абуталипқызы, өз ісінің маманы, уролог-дәрігер, Абдиев Сапарали Адамбекұлы, Елеусизова Бахыт Қабланқызы, Астана қаласынан арнайы шақыртып алған ННМЦ жетекші интервент-хирург, интервенциялық кардиология бөлімшесінің меңгерушісі Усманов Бекзат Мамаджанұлы, Қарағанды қаласынан келген хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Түймебаев Абай Амантайұлы, жақ-бет хирургі, жоғары санатты дәрігер Қанағат Қожамжаров, Шымкент қаласынан келген урология бөлімінің меңгерушісі Бердикулов Нұржан Тұрлыбекұлы, Алматы қаласынан келген ревматология бөлімінің меңгерушісі Исраилова Шахноза Хасаниддинқызы өз істерінің маманы. Қалалық ауруханада бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан тәжірибелі дәрігерлер қатарында терапевт Камагүл Мәдиқызын, травматология бөлімінің меңгерушісі Жайлау Зұлқарнайұлын, невропатолог Халуа Тасболатқызын, инфекционист Мутабар Бекқызы Шерметованы бүкіл Түркістан халқы біледі. Міне, осындай білімді де, білікті мамандарымызды халқымыздың нағыз денсаулық сақшылары дер едім. Тағы бір айта кететін нәрсе, біз дәрігерлерімізді Түркия, Ресей, Израил мемлекеттерінің жетекші медициналық орталықтарында шеберлігін шыңдауға, кәсіби біліктілігін арттыруға жіберіп, өзара тәжірибе алмасып отырамыз. Түрлі тағылымдамалар, шеберлік сағаттарын өткіземіз. Оған білікті ғалым-мамандар шақырамыз. Үнемі ізденіс үстіндеміз», – дейді білікті маман Бекзат Берденов.
Пациенттерге есту қабілетін сыйлап жатыр Кохлеарлық имплант орнату бойынша ота жоғары технологиялық операция болып есептеледі. Мамандар хирургиялық араласудың осындай озық әдісін меңгеру үшін өткен жылы Түркиядан келген профессор Айше Пелин Игидердің шеберлік-сыныбына қатысып, тәлім алған. Соның нәтижесінде бүгінде аурухананың өз дәрігерлері де аталған отаны сәтті жасап жүр.
«Кохлеарлық имплантация – есту сезімін қалпына келтіру мақсатында құлақтың ішіне электродтық жүйелерді енгізу процедурасы. Ол құлақтағы зақымдалған жерлерді айналып өтіп, есту нервінің талшықтарын электрлік ынталандыру арқылы жүзеге асырады. Кохлеарлық импланттар есту қабілеті қатты нашарлаған, тіпті, жоғалған науқастардың дыбыстарды оңтайлы түрде қабылдауына көмектеседі. Тіпті, қоршаған орта шулы болған кездің өзінде импланттар дыбыстарды түрлендіреді және миға айқын сигналдар береді. Бірақ, бұл ота есту қабілетін қалпына келтірудің алғашқы қадамы екенін естен шығармау керек. Отадан кейін пациенттер 1-1,5 жылға дейін есту-сөйлеуге қайта бейімделу процесінен өтуі тиіс. Бұл процесте пациенттер мамандардың көмегімен естуді, дыбыстарды түсінуді және сөйлесуді үйренеді», – дейді Бекзат Берденов.
Мынау қызылды-жасылды дүниенің саналуан дыбыстарын, бұлақтың сылдырын, құстардың сайрауын, сәбидің күлкісін, ең бастысы, жаныңа жақын адамдардың мейірімге толы даусын естімей, тым-тырыс әлемде өмір сүру қандай азап десеңші?! Мұны құлағы еститін, дені сау адамның түсінуі қиын шығар... Өкінішке қарай, Түркістан облысында 2 300-ден астам адам, соның ішінде 641 бала сенсорлық есту қабілетінің жоғалуы бойынша диспансерлік есепте тұрады екен. Бұл құрғақ статистика ғана емес, оның артында қаншама адам тағдыры тұр. Осының бәрін ескерген дәрігерлер кохлеарлық имплантация әдісімен жасалатын оталарды кезең-кезеңімен көбейтуді жоспарлап отыр. Былтыр осы әдіспен 6 ота жасалса, биыл оны 20-ға жеткізу межеленіпті. Бұған дейін мұндай операциялар тек Астана мен Алматының ірі клиникаларында ғана жасалғанын ескерсек, бұл Түркістан облысының денсаулық сақтау саласындағы елеулі жетістік екені сөзсіз. Оның үстіне құны 7,7 миллион теңгелік осынау жоғары технологиялы отаның МӘМС жүйесі арқылы қаржыландырылып, тегін жасалып жатқаны да қуанышты жағдай. Ангограф аппараты аурухананың әлеуетін арттырды Бұл ғана емес, Түркістан қалалық орталық ауруханасында отаның саналуан түрін жасау қолға алынып жатыр. Мәселен, кейбір адамдар қант диабеті бар, басқа да түрлі аурулардың салдарынан семіздікке ұрынып жатады. Семіздіктің үшінші дәрежесіне өтіп кеткен, артық салмағы шамадан тыс көп науқастардың өз бетінше азуы қиынға соғады. Ал, артық салмақтан арылмаудың адам ағзасына орасан зияны бар екені бесенеден белгілі. Міне, осындай кезде түркістандық дәрігерлер лапароскопиялық бариатрия әдісі бойынша ота жасап, науқастың асқазанын кішірейтеді. Бұл науқастың артық салмақтан арылуына мүмкіндік береді екен. Әрине, мұндай күрделі оталарды жасау үшін, жалпы, медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға қажетті негізгі екі алғышарт бар екені белгілі. Оның бірі – дәрігерлердің біліктілігін арттыру болса, екіншісі – материалдық-техникалық базаны нығайту. Түркістанда осы 2 бағыт бойынша да жүйелі жұмыстар атқарылуда.
«Әртүрлі бағыттағы мамандарымызды кезең-кезеңімен Алматы мен Астана қалаларындағы ғылыми орталықтарға, ғылыми-зерттеу институттарына жолдап отырамыз. Сондай-ақ, Түркістан облысы және Түркістан қаласы әкімдіктерінің, облыстық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен дәрігерлеріміз шетелдерге барып, тағлымдамадан өтіп, тәжірибе алмасып, біліктіліктерін арттырып келіп жатыр», – дейді Бекзат Берденов.
Оның айтуынша, өткен жылы Астана қаласынан жетекші интервенциялық кардиолог маман Б.Усмановты арнайы шақыртқан. Оған қоса 2 хирург пен 1 анестезиолог-реаниматолог дәрігер – Астана қаласына, ал, уролог, эндокринолог және невропатолог дәрігерлер – Алматы қаласындағы ғылыми орталықтарға, сондай-ақ, оторинолоринголог дәрігер Түркия мен Францияға барып біліктіліктерін арттырып қайтқан. Бұл бағыттағы жұмысты биыл одан әрі жалғастыру жоспарланған.
«Ал, материалдық-техникалық базаны нығайту мәселесіне тоқталар болсақ, ең алдымен, былтыр Италияда жасалған заманауи жылжымалы ангиографиялық кешенді сатып алғанымызды айтқым келеді. Бұл қондырғы әртүрлі калибрлі қантамырларының жағдайын зерттеп, сол арқылы түрлі органдарға ота жасауға мүмкіндік береді. Мәселен, қуықасты безі аденомасы, жатыр миомасы секілді сырқаттар кезінде және басқа да органдарда өскіндер мен ісіктер пайда болған кезде ангиограф аппаратының көмегімен баллонды ангиопластика жасалады. Яғни болашақта қатерлі ісікке ұласып кетуі мүмкін өскіндер пайда болған органның қантамырлары бекітіліп, сол арқылы әлгі өскіннің одан әрі өсіп, үлкейіп кетуіне жол берілмейді», – дейді аурухана басшысы.
Оның айтуынша, осы аппараттың көмегімен мидың қантамырларын зерттеуге де мүмкіндік бар. Сондықтан алдағы уақытта инсульт алған және инсульттың алдында тұрған науқастарға да ота жасау жоспарланған. Сондай-ақ, ауруханада хирургиялық бейінді бөлімдердің көбеюіне байланысты биылдан бастап наркозды-тыныс алу аппараттарын көптеп сатып алу көзделіп отыр.

Похожие материалы

Халықаралық дәрігерлер күні: Түркістан алтын қолды дәрігерлер мекені · Todayinfo