Қазақстандық композитор, Orda және Ninety One топтарының репертуарындағы көптеген әндердің авторы Сержан Бақытжанұлы өмірден өтті. Қаралы хабарды оның жақын досы, әнші Дастан Оразбеков Instagram желісіндегі парақшасында жеткізді, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Өнер иесі марқұммен бірге өткізген сәттерін еске алып, оның қазақ музыкасына қосқан үлесін ерекше атап өтті.
«Бүгінгі қайғылы хабар қабырғамызды қайыстырды. Өмірден менің досым, сырласым, әріптесім әрі ақылдасар кеңесшім Сержан Бақытжанұлы озды. Оның жазған әндері есімін мәңгілікке сақтайды деп сенемін.
Сержанның қаламынан туған Orda тобының "Қиын заман", "Ғашықсың ба?", "Жауап бер", "Тағдыр" секілді әндері, Ninety One тобына арналған шығармалары және менің орындауымдағы "Көк аспан" әні халықтың сүйікті туындыларына айналды.
Ол кең пейілді, терең ойлы, жомарт жан еді. Әр кездесуден кейін ерекше әсер алып қайтатынмын. Өкінішке қарай, енді ондай сәттер қайталанбайды. Алла Тағала алдынан жарылқап, жанына жәннат нәсіп етсін», – деп жазды Дастан Оразбеков.
Айта кетейік, Сержан Бақытжанұлы қазақ эстрадасындағы танымал орындаушылармен және музыкалық топтармен жұмыс істеп, ел арасында кеңінен танылған көптеген әндердің авторы болды.




