Әлеуметтік желілерде тараған, Атырау қаласының тұрғынына ит шабуылына тойтарыс бергені үшін жауапкершілік жүктелді деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл туралы құқық қорғау органдары ресми түрде хабарлады,деп хабарлайды Todayinfo.kz.
Ресми мәліметке сәйкес, азаматқа қатысты ешқандай процессуалдық шешім қабылданбаған.
«Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 32-бабына («Қажетті қорғану») сәйкес, азаматтың әрекеті өзін-өзі қорғау шеңберінде заңды болып табылады. Заң бойынша өмірге, денсаулыққа немесе мүлікке нақты қауіп төндіретін шабуылды тойтару кезінде зиян келтіру — қылмыстық жауапкершілікке жатпайды», – делінген таратылған хабарламада.
Бұл жағдайда азамат кәмелетке толмаған баланы ит шабуылынан құтқарып қалған. Оның әрекеттері қолданыстағы заңнамаға сәйкес және ешқандай құқықтық салдарға алып келмейді.
Ит иесіне қатысты тергеу жалғасуда
Сонымен қатар, иттердің иесіне қатысты сотқа дейінгі тергеу аясында толық құқықтық баға беріледі. Егер заңбұзушылық белгілері анықталса, ол адам заң талаптарына сай жауапкершілікке тартылады.




