Көкшетаудағы жаңа жағалау Ұлттық домбыра күніне орай нағыз өнер алаңына айналды. Қала тұрғындары мен қонақтары дәстүрлі өнер кешін тамашалап, ұлттық музыка мұрасына арналған көрмелермен танысты. Мереке барысында қазақтың бай күй өнері мен ән дәстүрін дәріптеген түрлі мәдени шаралар ұйымдастырылды.
Іс-шара мәдениет мекемелері дайындаған тақырыптық көрмелер мен таныстырылым алаңдарының жұмысымен басталды. Келушілер қазақ халқының рухани қазынасы, салт-дәстүрлері және күй өнерінің тарихы жөнінде мол мағлұмат алды. Сонымен бірге ұлттық мұраны насихаттауға бағытталған «Көне домбыра» және «Музейге жәдігер сыйла» акциялары да өткізілді.

Мерекенің негізгі бөлігі алғаш рет ұйымдастырылған «Көкше – өнер маржандары» дәстүрлі өнер фестиваліне ұласты. Сахнада Қ. Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі, дәстүрлі әншілер мен күйшілер өнер көрсетті. Бағдарламада Үкілі Ыбырайдың «Ер Көкше», Ақан серінің «Майда қоңыр» туындылары орындалып, көрермендер ықыласына бөленді.
Мерекелік жиында Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев құттықтау сөз сөйлеп, домбыраның ұлттық мәдениеттегі орнын ерекше атап өтті.

«Қазақ пен домбыра – ажырамас ұғым. Домбыра – ұлттың үні, қазақтың жаны. Қасиетті Көкше – сал-серілер дәстүрі қалыптасқан киелі мекен. Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірге сапары кезінде жас домбырашылар өнерін жоғары бағалап, ұлттық өнердің өміршеңдігін тағы бір мәрте айқындады. Сондықтан осы мұраны сақтау – баршамыздың ортақ міндетіміз», – деді ол.
Кеш барысында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бисара Мәкенова да көпшілікті мерекемен құттықтап, домбыраның рухани мәніне тоқталды.

«Домбыра – халқымыздың қастерлі қазынасы, ұлт рухының мәңгілік үні. Оның қоңыр сазымен тарихымыз, қуанышымыз бен мұңымыз ұрпақтан ұрпаққа жетіп келеді. Бүгінде ұлттық өнерге деген құрметтің артуы қуантады. Қасиетті қара домбыраның үні ешқашан үзілмесін», – деді өнер иесі.
Мерекелік бағдарлама гала-концертпен түйінделіп, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Көкшенің көрікті жағалауында күмбірлеген күй мен әуелеген ән ұлттық өнердің өміршеңдігін тағы бір дәлелдеп, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Ұлттық домбыра күні өңірде ұлттық мәдениетті ұлықтайтын тағылымды мерекеге айналды.




