Күлбаршын Хасенова 30 жылдан астам уақыт медицина саласында қызмет етіп келеді. Ол мейірбикелік мамандықтың маңыздылығы мен отбасы қолдауы туралы айтты,деп хабарлайды Todayinfo . Ақмола облысы Бұланды аудандық ауруханасының мейірбикесі Күлбаршын Хасенова — денсаулық сақтау саласы
Күлбаршын Хасенова 30 жылдан астам уақыт медицина саласында қызмет етіп келеді. Ол мейірбикелік мамандықтың маңыздылығы мен отбасы қолдауы туралы айтты,деп хабарлайды
Todayinfo.
Ақмола облысы Бұланды аудандық ауруханасының мейірбикесі Күлбаршын Хасенова — денсаулық сақтау саласында еңбек етіп жүрген тәжірибелі маман. Ол бұл салаға бірден келмеген. Алдымен зауытта еңбек жолын бастап, кейін медициналық оқу орнына қызметке орналасқан.
«Зауыттағы жұмыстан соң 1990-1992 жылдары Астана қаласындағы медициналық университеттің училищесінде жұмыс істедім», — дейді ол.
1992 жылдан бастап Күлбаршын Хасенова Макинск қаласындағы аурухананың жан сақтау бөлімінде мейірбике қызметін атқарып келеді. Биыл бұл салада жүргеніне 31 жыл толып отыр. Ол осы уақыт ішінде медицина саласының қиындықтары мен жауапкершілігін терең сезініп, үлкен тәжірибе жинақтаған.
«Жұмыстың оңайы жоқ. Әсіресе жан сақтау бөлімінде әрбір минут маңызды. Қиын кездер болды, ұйқысыз түндер өтті, көптеген оталарға қатыстық. Бірақ бәрі де тәжірибе мен шыдамның жемісі», — деп еске алады Хасенова.
Күлбаршын Хасенова өзінен үлкен мамандардан көп нәрсе үйреніп, кәсіби біліктілігін арттыра білді. Ол қызметіне жүрекпен беріліп, мейірбике мамандығын жай ғана жұмыс емес, миссия деп санайды.
«Жаныңа жақын жұмысты таңдасаң, қиындықты да еңсеруге болады. Бұл салада жыладық та, күлдік те. Ең бастысы — адамгершілік пен адалдық», — дейді ол.
Маман жұмыста жетістікке жетудің бір тетігі – отбасындағы тыныштық пен қолдау екенін ерекше атап өтті. Жолдасы мен балалары оның кәсіби міндетіне түсіністікпен қарап, үнемі демеу көрсеткен.
«Жолдасым менің жұмыс тәртібімді толықтай түсінеді. Себебі мен тек отбасымның емес, қоғамның саулығына да жауаптымын. Үйде қолдау болса, жұмыста да тынышсың. Бұл – үлкен күш», — дейді ол.
Жыл сайын 12 мамырда бүкіл әлемде мейірбике күні аталып өтеді. Бұл күнді Мейірбике ісі қызметінің негізін қалаушылардың бірі Флоренс Найтингейлдің туған күнін атап өту үшін 1974 жылы Халықаралық мейірбике ісі кеңесі таңдады.
Мейірбикелердің ұзақ жылдар бойы жинаған сол баға жетпес еңбегі мен тәжірибесі бекер емес, науқастарды түрлі дерттен сауықтыруға қызмет етуде.