Todayinfo.kz
Новости

Молдова ТМД-дан ресми шықты: «Бұл ұйымнан ешқандай пайда көрмедік»

Молдова президенті Майя Санду ТМД-дан шығу туралы заңға қол қойды. Кишинев бұл қадамға Ресейдің саясаты себеп болғанын алға тартады.

Автор Мухтар Жексенбаев (журналист)··2 мин чтения
Молдова ТМД-дан ресми шықты: «Бұл ұйымнан ешқандай пайда көрмедік»
Молдова Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығынан (ТМД) шығу процесін ресми түрде бастады. Президент Майя Санду ТМД-ны құру туралы келісім мен оның жарғысынан бас тарту туралы заңдарға қол қойды. Құжаттар жарияланған сәттен бастап күшіне енді, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі. Бұл шешімді ел парламентінде 60 депутат қолдаған. Алайда бұл процесс енді басталды. Енді Молдованың Сыртқы істер министрлігі Минскідегі ТМД Атқарушы комитетіне ресми хабарлама жіберуі тиіс. Осыдан кейін тек 12 айдан соң ғана Молдова заңды түрде ұйым мүшелігінен толық шығады. Дегенмен, Кишиневтің ТМД жұмысына араласпағанына көп болған. Елдің Сыртқы істер министрі Михай Попшой бұл жағдайды жай ғана формалдылық деп атады.
"Бұл ұйымға мүше болу ешқандай пайда әкелмеді, сондықтан одан шығу – қазіргі жағдайды бекітетін жай ғана рәсім", - деді министр.
Ресми себеп – ұстанымдардың сәйкес келмеуі. Кишинев ТМД-ның негізгі құндылықтары сақталмайтынын, әсіресе Ресейдің әрекеттеріне (Украинадағы соғыс, Грузиямен жанжал, Молдова аумағында ресейлік әскердің болуы) байланысты осындай қадамға барғанын мәлімдеді. Сонымен қатар, Молдова ТМД-ға мүше елдермен екіжақты қарым-қатынасты сақтайтынын, ал кейбір келісімдердің, әсіресе экономикалық құжаттардың жұмысын жалғастыратынын атап өтті. Ұйым алдындағы шамамен 100 мың еуро қарыз мәселесі де бар. Попшойдың айтуынша, егер ел ұйымнан ешқандай пайда көрмесе, бұл ақшаның не үшін төленетіні белгісіз. Бірақ дипломатиялық тұрғыдан болашақта ешқандай кінәрат болмас үшін бұл мәселені жапқан дұрыс екенін мойындады. Молдова бір жылдан кейін толық шыққан соң, ТМД құрамында Қазақстан, Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан қалады. Түрікменстанның қауымдасқан мүше ретінде ерекше мәртебесі бар. Ал Украина 2014 жылдан кейін ұйымның барлық құрылымынан іс жүзінде шығып кеткен. Фото: Әлеуметтік желіден

Похожие материалы