Қоғам белсендісі Тортуыл Шоқан әлеуметтік желідегі парақшасында ирантанушы Жеңіс Жомарттың сұхбат барысында айтқан пікіріне қатысты көзқарасын білдірді. Оның айтуынша, мұндай мәлімдемелер Моңғолиядағы қазақтардың жағдайына кері әсер етуі мүмкін, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Қазақ елі – Алтын Орданың тікелей және заңды мұрагері" деген сөзі ұлтшыл қазақтарды қуантқанымен, көрші елдерде түрлі реакция тудырды. Әсіресе, Шыңғыс хан мұрасы мен тарихи мәселелер төңірегіндегі пікірталастар әрқашан даулы болып қала береді», – деп жазды ол.

Тортуыл Шоқанның пікірінше, сұхбат барысында айтылған «Моңғолиядан қазақтар бекер көшеді, ол жер қазақтардыкі, сондықтан сол жақта қалуы керек» деген мазмұндағы пікір орынсыз болған.

«Тәуелсіз Моңғолия мемлекетіне қатысты бұлай сөйлеуге болмайды. Егер дәл осындай сөзді біреу Қазақстанның солтүстік өңірлері туралы айтса, өзіміз де қарсы шығар едік. Сондықтан мұндай мәлімдемелерден аулақ болған жөн», – деді қоғам белсендісі.

Ол сондай-ақ Моңғолия билігінің Баян-Өлгийдегі қазақтарға жасап отырған жағдайын жоғары бағалап, көрші елге құрметпен қарау қажет екенін атап өтті.

«Моңғолия тарапы қазақтарға ана тілін сақтауға және дамытуға мүмкіндік жасап отыр. Сол үшін алғыс айтуымыз керек. Меніңше, сұхбат авторлары артық айтылған тұстарға түсініктеме беріп, қажет болса Моңғолия халқынан кешірім сұрағаны дұрыс болар еді. Бұл екі ел арасындағы достыққа оң әсер етеді», – деп түйіндеді Тортуыл Шоқан.