Фото: theopenasia.net
Белгілі ұстаз Өмір Шыныбекұлы Қазақстан армиясында ұлттық рухты күшейту мақсатында әскери атауларды төл тілдік ұғымдармен атау идеясын ортаға салды. Оның айтуынша, жауынгерлерге берілетін атақ пен үндеу тек қызметтік термин ғана емес, рух пен жауапкершілік жүктейтін маңызды құрал, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Бұл бастама көршілес Өзбекстандағы әскери терминдерді реформалау тәжірибесімен үндесіп отыр. Қазіргі таңда Өзбекстанда кеңестік кезеңнен қалған орыс тілді әскери атауларды біртіндеп өзбек тіліне бейімдеу мәселесі талқылануда. Зерттеу нәтижесінде «прапорщик» шені ғана тікелей орыс тілінен енгені, ал «сержант», «лейтенант», «генерал» сынды атаулардың түп-төркіні латын, француз және неміс тілдеріне барып тірелетіні анықталған.
Осыған байланысты халықаралық терминдерді сақтай отырып, бірқатар әскери шендерді тарихи, төл атаулармен алмастыру орынды деген пікір айтыла бастады. Мәселен, Өзбекстанда ұсынылған нұсқалар қатарында «онбасы», «жүзбасы», «мыңбасы», «қосынбасы» секілді атаулар бар. Бұл атаулар түркі халықтарының әскери тарихында бұрыннан қолданылғаны белгілі.
Сонымен қатар кеңестік «товарищ» ұғымынан қалған «уртоқ» сөзін алмастыратын баламалар да ұсынылған. Олардың қатарында «саптас», «жауынгер», «бауырлас», «қарулас» секілді әскери ортаға мағыналық тұрғыда жақын сөздер бар. Мұндай үндеулер жауынгерлер арасындағы бірлік пен жауапкершілікті күшейте алады.
Өмір Шыныбекұлы әскери техника мен қару-жарақ атауларын да қазақшалауға болатынын атап өтеді. Бүгінде «ұшақ», «тікұшақ», «зымыран» сияқты терминдер қолданысқа толық енген. Сол секілді «оқшашар», «сауытты көлік», «оқөтпес» тәрізді баламалар да мағыналық жағынан дәл әрі түсінікті.
Маманның пікірінше, бұл өзгерістердің басты мақсаты — әскердің ішкі рухын күшейту, тарихи сабақтастықты сақтау және мемлекеттік тілдің беделін арттыру. Әрине, техникалық терминдерді толық ауыстыру күрделі процесс болғанымен, кемінде тарихи әскери атауларды қайта жаңғырту ұлттық сананы нығайтуға оң әсер етуі мүмкін.




