Todayinfo.kz
Новости

«Мыс Service» заңды жер теліміне кіре алмай отыр: компания банк пен сот орындаушының әрекетіне шағымданды (ВИДЕО)

Ақмола облысында қиыршық тас өндірумен айналысатын «Мыс Service» ЖШС өзіне мемлекет тарапынан заңды түрде берілген жер теліміне кіре алмай отырғанын мәлімдеді. Компания өкілдерінің айтуынша, өндірістік аумаққа кіруге банк пен жеке сот орындаушысының әрекеттері кедергі келтіріп от

Автор Мерей Сардарбаев··3 мин чтения
«Мыс Service» заңды жер теліміне кіре алмай отыр: компания банк пен сот орындаушының әрекетіне шағымданды (ВИДЕО)
Ақмола облысында қиыршық тас өндірумен айналысатын «Мыс Service» ЖШС өзіне мемлекет тарапынан заңды түрде берілген жер теліміне кіре алмай отырғанын мәлімдеді. Компания өкілдерінің айтуынша, өндірістік аумаққа кіруге банк пен жеке сот орындаушысының әрекеттері кедергі келтіріп отыр, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат порталы. Жер пайдалану құқығы қалай берілген Компанияның мәліметінше, 2024 жылы Ақмола облысының Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы жер қойнауын пайдалану құқығын «Мыс Service» ЖШС-не 10 жыл мерзімге берген. Тиісті қосымша келісім 2024 жылғы 16 ақпанда мемлекеттік тіркеуден өткен. Осы құжаттың негізінде компания карьерде өндірістік қызметін бастаған. Аталған аумақты бұған дейін «ДС Нойбург» компаниясы пайдаланған. Олар өздеріне тиесілі техниканы осы жер телімінде қалдырған, кейін бұл мүліктің банкке кепілге қойылғаны анықталған. «ДС Нойбург» банк алдындағы қаржылық міндеттемелерін орындамағаннан кейін, банк сотқа жүгініп, сот компания мүлкін тәркілеу туралы шешім шығарған. Алайда, сот орындаушы аталған аумақта орналасқан «Мыс Service» ЖШС тиесілі техниканы да күзетке алып, оны пайдалануға шектеу қойған. Өндірістің тоқтауы Компанияның мәліметінше, 15 қаңтардан бастап жеке сот орындаушы банк өкілдерімен және күзет компаниясымен бірлесіп, аумаққа кіруге тыйым салған. Соның салдарынан өндірістік қызмет толық тоқтаған. «Мыс Service» компаниясының директоры Омаров Мереке жер телімін пайдалану құқығы заңды екенін атап өтті:
«Бұл кәсіпті бастау үшін мен тарапымнан қомақты қаражат жұмсалды. 2024 жылы осы жерге лицензия алдым. Ол Ақмола облысының өнеркәсіп басқармасының тағайындауы негізінде берілді. Ақмола облысы, Целиноград ауданындағы Жер қатынастары бөлімімен келісімшарт жасалған. Аталған жер телімі маған тиесілі. Бұл – тас өндіретін кәсіпорын, яғни карьер», – деді ол.
Оның айтуынша, мемлекет тарапынан нақты өндірістік міндеттемелер қойылған:
«Мемлекет тарапынан қойылған талап бар: жылына бір миллион тонна тас өндіруім қажет. Осы көлем бойынша мемлекет салық есептейді. Тас өндірілді ме, өндірілмеді ме – оған қарамайды», – деді директор.
Қызметкерлер мен шығындар Директордың айтуынша, өндірістің тоқтауы кәсіпорын қызметіне тікелей әсер еткен:
«Жұмыстың тоқтап қалуына байланысты техника қанырап тұр, көптеген жұмысшы жұмыссыз отыр. Қазір менде 80 жұмысшы бар. Он бес күннен бері олар үйлерінде отыр. Соған қарамастан, барлық жұмысшылардың жалақысы төленіп жатыр», – деді ол.
Омаров қызметкерлерді қысқартуға немесе ақысыз демалысқа жіберуге мүмкіндігі жоқ екенін айтты. Даулы әрекеттер туралы мәлімдеме Компания басшысы сот орындаушының әрекеттерін заңсыз деп санайды:
«Кәсібіме кедергі келтіріліп, техникаларым бұғатталған. Күзет қойылған. Сот орындаушы өз өкілеттігін асыра пайдаланып отыр: техникалардың жүретін жолын бөгеп, контейнер қойдырған»,  – деді ол.
Оның айтуынша, жұмысшыларды аумақтан шығару фактілері де тіркелген:
«Менің барлық жұмысшыларымды осы жерден күштеп шығарып жіберді. Кәдімгідей көтеріп, сүйреп шығару фактілері болды. Бұл әрекеттер сот орындаушының тікелей нұсқауымен және рұқсатымен жасалған», – деді директор.
Банктің соттағы талабы Омаровтың айтуынша, қазіргі уақытта банк әкімдіктің жерді жалға беру туралы келісімшартын заңсыз деп тану туралы талап арыз берген:
«Қазіргі таңда банк мені сотқа беріп отыр. Олар жер телімінің мемлекет тарапынан маған жалға берілгені туралы келісімшартты заңсыз деп танып отыр. Осы мәселе бойынша сот процесі жүріп жатыр, түпкілікті шешім әлі шыққан жоқ», – деді ол.
Адвокаттың құқықтық түсіндірмесі Компанияның адвокаты Абдуова Гаусар Мухаммадгалиева жер учаскесіне қатысты шектеулер болмағанын атап өтті:
«Қосымша келісім жасалған кезде жер учаскесіне қатысты ешқандай ауыртпалық, шектеу болған емес», – деді адвокат.
Оның айтуынша, заңды жер пайдаланушы нақты айқындалған:
«Жер учаскесін жалға беру туралы шарт мемлекеттік органмен жасалып, оған қол қойылғандықтан, заңды жер пайдаланушы ретінде «МЫС-сервис» ЖШС танылады», – деді ол.
Сондай-ақ адвокат жердің құқықтық мәртебесіне тоқталды:
«Бұл – мемлекет меншігіндегі жер. Ол меншік құқығымен ешкімге тиесілі емес», – деп түсіндірді ол.
Қазіргі жағдай Компания прокуратура мен құқық қорғау органдарына шағымданғанын хабарлады. Алайда әзірге өндірістік аумаққа кіру қалпына келтірілмеген. Даулы мәселе сотта қаралып жатыр, түпкілікті шешім әлі қабылданған жоқ.

Банк даулы жағдайға қатысты ресми түсініктеме берді: 

Банк ТОО «Мыс Service» шағымына байланысты бұқаралық ақпарат құралдарында тараған ақпаратқа қатысты ресми мәлімдеме жасады.

Банктің хабарлауынша, қаржы ұйымы өз әрекеттерін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына қатаң сәйкес жүзеге асырып отыр.

Мәлімдемеде атап өтілгендей, ТОО ДС «Нойбург» Банктің алдында өтелмеген міндеттемелерге ие. Тиісті сот шешімімен қарыз сомасы толық көлемде өндірілген. Қозғалған атқарушылық іс жүргізу аясында сот орындаушысы кепілдегі және анықталған мүлікті сақтау бойынша заңда көзделген шараларды қабылдаған.

Сонымен қатар банк кепіл нысанының аумағында үшінші тұлғалардың мүлкі анықталған жағдайда, оны қайтару мәселесі сот орындаушысы арқылы, тиісті өтініш пен растайтын құжаттарды ұсыну жолымен шешілетінін нақтылады.

 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 

Публикация от Todayinfo.kz (@todayinfo.kz)

Похожие материалы