Ұстаз, ғалым, абайтанушы Омар Жәлел қазіргі қоғамдағы көп әйел алу мәселесіне қатысты ойын айтып, бұл құбылыстың бүгінгі заманға сай келмейтінін жеткізді, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.

Ол «Nurislam Life» ютуб арнасына берген сұхбатында отбасы құндылықтары мен әлеуметтік жағдай түбегейлі өзгергендіктен, мұндай көзқарас қазіргі өмір шындығына сәйкес келмейтінін айтты.

«Қазақ байыса қатын алады деген дәл айтылған сөз. Өзің кедей болсаң, тапқан таянғаның ішіп-жегеніңе әзер жетсе, қайдағы қатын алу?! Бұрын қазақтың бәрі қатын алған жоқ. Бай адамдардың ғана үлесі болған. Қазақ қоғамы бұл идеямен ауырып болып қалды. Бұл да бір өтпелі кезең болды. Негізі ол 19 ғасырдың идеясы, қазіргі заманға сай келмейді. Оны мен басымнан өткердім, зиян екеніне 100% көзім жетеді. Қазіргі қоғамға зиян. Адамдардың түсінігі, әйелдердің еркіндікке ұмтылуы басқа мәселе. Былайша айтқанда ол — нәпсінің қалауы, иттігіміз. Әртүрлі жағдайлар болады. Бала көтере алмаса, ауырса, қайтыс болса дегендей. Ал өзіңнің жарың сау болса, бала көтеруге қабілетті болса бұл оймен ауырудың қажеті жоқ. Жастарға пайда әкелмейтін нәрсе. Басымыздан өттік. Ащы, тұщысын бәрін таттық», — дейді ол.