Todayinfo.kz
НовостиСмотреть все материалы

«Нұрай өз еркімен келген»: Шымкентте резонансты істен кейін жұмыстан шығарылған полицей жаңа деректерін бөлісті

Шымкентте жігіт қолынан қаза тапқан 21 жастағы Нұрайдың оқиғасына байланысты президент үндеуінен кейін бірнеше полицей қызметтен босатылған еді. Алайда жазықсыз жұмыстан шығарып жіберді деген полиция қызметкері Әбілғазы Артықбай Нұрайдың ісіне байланысты жаңа деректерін

Автор Айғаным Нариманова··2 мин чтения
«Нұрай өз еркімен келген»: Шымкентте резонансты істен кейін жұмыстан шығарылған полицей жаңа деректерін бөлісті
Шымкентте жігіт қолынан қаза тапқан 21 жастағы Нұрайдың оқиғасына байланысты президент үндеуінен кейін бірнеше полицей қызметтен босатылған еді. Алайда жазықсыз жұмыстан шығарып жіберді деген полиция қызметкері Әбілғазы Артықбай Нұрайдың ісіне байланысты жаңа деректерін бөлісті. Айтуынша, қыз алып қашқан күні өз еркімен барған, ешқандай арыз жазбаған және ешкім оны мәжбүрлемеген. Полицей сол күндегі видеожазбаларды көрсетіп, бұл іске кінәлілер емес, жазықсыз қызметкерлер жауапқа тартылып жатқанын айтты, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі. Полицей өзінің бұл істе жазықсыздан жапа шегіп жатқанын айтып, Айгүл Орынбекке сұхбат берді.
“2025 жылы 5 қазанда тәуліктік кезекшілікке түстім. Сол күні Қаратау ауданы, Бозарық мөлтек ауданына қыз алып қашу дерегі бойынша хабарлама түсіп, сонда бардым. Оқиға орнына барғанымда үйде қонақтар көп, дастархан жайылған сондай оқиға болып жатты. Үйдің ішіне кіргенімде бір бөлмеде Нұрай отыр екен. Сосын онымен сөйлесіп, мән-жайды толық сұрадым. Ол үш айдан бері Шерханмен қыз-жігіт болып кездесіп жүргенін айтты. Сосын “қазір бізге қыз алып қашу дерегі бойынша хабарлама түсіп жатыр. Бұл туралы не ойлайсыз” деп сұрадым. Ол 4 қазан күні екеуі бірге Алматыдан Шымкентке жолға шыққанын айтты. Сол кезде отбасын құру мәселесін екеуі талқылаған екен. Өзара шешкеннен кейін, Шерхан ата-анасына хабарласып, осылай қыз алып келетінін айтқан. Алайда ата-анасы дайын емес екенін айтып, “әзірге қаланың сыртындағы басқа ауылға барып, жуынып-шайынып демала тұрыңдар” деген. Кейін ата-анасы дайын болғасын бұларды шақырады. Шерхан қыздың келісімімен екеуі бірге барған. Бұлар көлікпен сигнал басып, қуанышты жаңалықпен келеді. Қызды түсіреді, ол өз еркімен келген”, – деді полицей.
Әбілғазы Артықбай сол күні түсірілген видеоны Шерханның туыстарынан алып алған. Айтуынша ол жерде ешқандай қысым белгілері жоқ.
“Нұрайды алып келген соң жігіт жақ салт-дәстүр бойынша туыстарына хабарлаған. Сосын ағалары полиция шақырып, ата-анасы жігіттің үйіне келген. Мен сол ағаларының шақыртуымен сол жерге барып тұрмын. Жалпы қыздың өз еркімен келгені туралы видеолары да бар менде. Оны сол кезде туыстарынан сұрап алғанмын. Видеода ешқандай қарсылықсыз, өз еркімен автокөліктен түседі. Басына орамал жабылады, жігіттің туыстары маңдайынан сүйіп жатыр. Қыздың өз аяғымен келіп тұрғаны көрініп тұр бұл жерде. Ешқандай қылмыстық құрам жоқ. Оң аяқпен аттап, отқа майды өз еркімен құйып тұр. Арнайы дайындап қойған бөлмеге кіргізген кезде өзін көңілді ұстағаны да көрініп тұр. Бұл алып қашуға жатпайды”, – деп қосты ол.
Бұрынғы полиция қызметкері Нұрайдың сол күні арыз жазбағанын жеткізді. Ал айтуынша, егер жәбірленушінің өзі арызданбаса, ол қылмыстық іс болып қозғалмайды.
“2025 жылы қазан айында 125 бап 1 бөлімі қосылды. Онда некеге тұруға мәжбүрлеу бойынша арызды жәбірленушінің өзі жазуы керек. Ал маған сол кезде тек Нұрайдың ағаларынан хабарлама түсті. Нұрай өзі арыз-шағымы жоқ екенін айтты. Сондықтан бұл істі қылмыстық құрамға тіркеу мүмкін емес. Сол кезде үйде тойға дайындық талқыланып, у-шу болып жатқасын қыз бен жігітті аудандық полиция басқармасына алып кеттім. Екеуінен мән-жайды сұрадым, жеке-жекелей де сұрадым. Жігіт те қыз да өз еркілерімен осындай шешімге келгендерін айтты. Түсініктемелерін алып, кейін тіпті қызды видеоға түсіріп алдым. Бұл жерде мына мәселе тұр. Қазір әлеуметтік желілерде “қызды күштеп алып қашқан” деген сияқты тек бір жақты пікір болып жатыр. Қыз 21 жасқа толған. Жауапкершілігі өз еркіндегі адам”, – деп қосты ол.
Осы тұста бұрынғы полицей қызметкері сол күні жазылған Нұрайдың түсініктемесі мен видеосын көрсетті. Онда:
“Менің түсініктеме жазу себебім, 04.10.2025 жылы 21:00 сағат шамасында шамамен үш айдан бері қыз-жігіт болып кездесіп жүрген. Аймахан Шерхан есімді жігітіммен Алматыдан Шымкент қаласына жолға шығатын болып келісіп жолға шықтық. Жол бойында екеуіміз өзара келісіп, отбасын құруды талқылап, үйленуді шештік. Содан 05.10.2025 жылы 15:30 шамасында Шымкент қаласына жеттік. Әрі қарай Шерхан екеуіміз, Бозарық мөлтек ауданы, Алмасқылыш көшесінің бойында орналасқан Шерханның үйіне бардық. Бізді Шерханның ата-анасы мен туыстары күтіп алды. Кейін менің ата-анама хабар жіберді. Мен Шерхан екеуіміздің ара-қатынасымыз жайлы ата-анам мен бауырларыма айтпаған болатынмын. Сондықтан менің ата-анам мен бауырларым онымен отбасы құруыма қарсы. Сондықтан ата-анам рұқсат бергенге дейін Шерханмен ара-қатынасымды үземін. Қазіргі таңда ешқандай арыз-шағымым жоқ. Түсініктеме өз қолыммен дұрыс жазылды”, – делінген жазбада.
Әбілғазы Артықбай осы жағдайдан кейін сталкинг бойынша жалпы Шымкент қаласының полиция басқармасына ешқандай арыз түспегенін алға тартты.
“Ол бойынша тіпті толық тексерістер жүргізілген. Ешқандай Нұрайдың өзінен, туыстарынан, ата-анасынан арыз түспеген. Ол тексерілген. Бұл істен прокуратураның да хабары бар. Кезекшілік кезінде біз кез келген мәселені кезекші прокурорға хабарлап тұрамыз. Кейін ол мән-жайды біліп-түсініп, істі тіркеу-тіркемеуді айтып отырады. Осы күндегі оқиға да ертесі күні прокуратура тарапынан тексерілді. Мендегі жалпы мәліметтерді көрді. Сосын екі тарапты шақыртуды тапсырды. Мен шақырдым, прокурор екі тарапты өздері тыңдады. Олар да аталған істе ешқандай қылмыстық құрам жоқ деген жауапты берген. Менің ойымша ол кісілер асыра сілтеп жатыр. Ондай жайт болмаған. Біз нақты фактке сүйеніп жұмыс істейміз. Олар бұл оқиғадан соң ешқандай жерге келіп арыз-шағым түсірмеген. Осы оқиғадан кейін Нұрай Алматы қаласына оқуға кеткен. Ал Шерхан сол қалада жұмыс істейді екен. Сол жақта екеуі қыз-жігіт болып кездесіп жүрген. Қандай да бір сталкинг бойынша арыз түссе сол қалада болуы мүмкін. Алайда Шымкент қаласында ешқандай арыз түспеген”, – деді ол.
Экс полицей қазір тек жұмыстан шығып қана қоймай өзінің үстінен қылмыстық іс қозғалғанын жеткізді. Айтуынша, бұл оның отбасына ауыр тиген.
“Осыған дейін Шымкент қаласының полиция бөлімінің баспасөз бөліміне бұл видеоларды ұсынғанбыз. Бірақ ол кісілер мұны жариялауға мүмкіншілік бермеді. Не себепті екенін білмеймін. Өзім 8-9 жыл өмірімді осы салаға арнадым. Күні-түні осында жұмыс істейміз. Сержанттан бастадым, бірден офицер болып келе салмадым, жай-жай өстім. Енді қазір бізді осы резонанстық іске байланысты алды да қоқысқа лақтырғандай жұмыстан шығарып жіберді. Біз Ішкі істер министрлігінде жұмыс істеп, соның қарауындағы мамандармыз. Осы жағдайға байланысты мені және бірнеше басшымды жайдан-жай жұмыстан шығарып отыр. Таңғалатыным неге бізді өз қызметкерлерін Ішкі істер министрлігі қорғамайды? Қазір ішім ашып тұрғаны, бізді себепсіз жұмыстан шығарып тастады. Үстімізден іс қозғап тастады. Өзімізде бар бейнематериалдарды шығаруға мүмкіндік бермей жатыр. Тіпті өзімізді қорғауға мүмкіндік бермей жатыр. Не үшін екенін түсіне алмаймын. Мені өзім жұмыс істеген орган қорғамаса, өзімді өзімді қорғауым керек бұл жағдайда. Заң бойынша қарасақ, біздікі заңды болып тұр”, – деді ол.
Әбілғазы Артықбай президенттен көмек сұрап, істің әділ тергелуін талап етті.
“Әрине Нұрайдың отбасына, ата-анасына қайғыра көңіл айтамын. Бұл өте ауыр жағдай. Кінәлі өз жазасын алсын деймін. Президент құрылтайда қызметкерлерді жұмыстан шығарып тастаңдар деген тікелей тапсырма берген жоқ. Керісінше мән-жайды толық зерттеп, құқықтық баға беруді, заңды шешім қабылдауды тапсырды. Осы тұста ел президентінен, Президент аппаратынан, Ішкі істер министрлігінен, мен ұсынып жатқан дәлелдерді толығымен зерттеп, дұрыс шешім қабылдауын сұраймын. Себебі бұл жерде бір ғана бұйрықпен бірнеше адам орнынан кетіп жатыр. Біздің де асырап отырған отбасымыз екі бала-шағам бар. Басшыларымда 5 бала-шағадан бар. Резонанс деді де жайдан жай бізді орнымыздан алып тастады. Сол үшін дұрыс шешім қабылдап тергеп-тексерулерін сұраймын. Осылай үстімізден қылмыстық іс қозғалып жатқанын естіген әжем уайымнан көз жұмды. Білмеймін бәлкім, біз секілді қарапайым полицейлерді жұмыстан шығару арқылы осы істі жылы жауып тастағысы келіп жатқан шығар”, – деп қорытты ол. 

Похожие материалы

«Нұрай өз еркімен келген»: Шымкентте резонансты істен кейін жұмыстан шығарылған полицей жаңа деректерін бөлісті · Todayinfo