Спорт журналисі Ақырыс Сейітқазы әлеуметтік желідегі парақшасында шахматшы Бибісара Асаубаеваға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Оның айтуынша, Бибісара Асаубаева анасы және өгей әкесімен бірге Мәскеуде тұрады. Журналист спортшының бұған дейін екі жыл бойы Ресей туы астында өнер көрсеткенін және Ресей азаматтығын алуға өтініш бергенін еске салды.
«Бибісара анасы және өгей әкесімен Мәскеуде тұрады. Екі жыл Ресей туының астында сынға түсті. Путиннен азаматтық сұрады. Қазақша бір ауыз сөз білмейді, Қазақстанда тұрмайды», – деп жазды ол.
Сонымен қатар журналист спортшының Қазақстан атынан өнер көрсеткенімен, елдегі шахмат жүйесінен қомақты қолдау алып отырғанын айтты. Оның пікірінше, мемлекет спортшыларды қаржыландыру мәселесіне қатысты белгілі бір талаптар қоюы қажет.
«Бір өзі бір федерацияның ақшасын алып отыр. Басқа елге ауысып кетсе, қуанар едім. Бірақ мемлекетті кенеше сорып отырған адам мұндай мүмкіндіктен оңай бас тартпайды. Сондықтан мемлекет тарапынан да белгілі бір шектеулер болуы керек», – деді Ақырыс Сейітқазы.
Сондай-ақ ол Бибісара Асаубаеваның коммерциялық жетістіктері мен танымалдылығы мемлекеттік қолдаудан бөлек қарастырылуы керек деп есептейді.
«Ақша керек болса, өзінің имиджі арқылы жарнама тартып, демеуші табуына болады. Егер өзін соншалықты танымал санаса, неге әлемдік брендтер қолдау көрсетпейді? Неге бұл қыз бен оның анасын сіз бен біз асырауымыз керек?» – деп түйіндеді журналист.




