10 айлық қыз бала ойын кезінде кенеттен жөтеліп, құсып, тыныс алуы күрт қиындауына байланысты шұғыл түрде көпсалалы облыстық ауруханалардың біріне жеткізілген.
Компьютерлік томография нәтижесінде екі жақты пневмония белгілері анықталып, сонымен қатар кеңірдекте бөгде заттың болуы мүмкін екендігі айтылады. Бала жансақтау бөліміне жатқызылған.
Науқастың жағдайының ауырлығын ескере отырып, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің, Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері, Алматы қаласындағы №2 балалар қалалық клиникалық ауруханасының басшылығы және бейінді мамандардың қатысуымен телемедициналық кеңес өткізіледі. Консилиум қорытындысы бойынша баланы санитариялық авиация арқылы Алматы қаласындағы №2 БҚКА-ға шұғыл түрде жеткізу туралы шешім қабылданады.
Бала Алматы қаласындағы №2 БҚКА-ның реаниматолог дәрігерінің сүйемелдеуімен ауруханаға жеткізіледі. Клиникаға түскен сәтте оның жағдайы аса ауыр деп бағаланды. Сәби медикаментоздық ұйқы жағдайында болды.
«Бізге түскен кезде бала өкпені жасанды желдету аппаратында болды және өмірлік маңызды көрсеткіштері тұрақты бақылауда ұсталды. Шұғыл тексеруден кейін мультидисциплинарлық мамандар тобы бронхоскопия жасады. Ота барысында көлемі 1,5 × 1,0 см болатын, өткір қырлары мен бұрыштары бар мөлдір қатты пластиктің бөлшегі анықталып, алынды», – деді Алматы қаласындағы №2 БҚКА директоры Марат Рабандияров.
Бөгде зат сәтті алынғаннан кейін бала екі жақты пневмония бойынша ем қабылдауды жалғастыруда. Қазіргі уақытта кішкентай науқастың жағдайы тұрақтанып, өздігінен тыныс алуда.
Ота жасаған хирург Ерлан Мендіғалиевтің айтуынша, тыныс жолында бөгде заттың болуы баланың өміріне тікелей қауіп төндіріп, тыныс жолдарының толық бітелуіне, ауыр тыныс жеткіліксіздігіне және басқа да қауіпті асқынуларға әкелуі мүмкін еді.
Мамандардың айтуынша, бұл жағдайдың сәтті аяқталуына баланы мамандандырылған орталыққа дер кезінде жеткізу, санитариялық авиация қызметінің үйлесімді жұмысы және №2 БҚКА дәрігерлерінің жоғары кәсібилігі ықпал етті.




